Еңбекші ауданында бейберекет қоқыс алаңы тазартылды

115
Фото: Отырар.кз

Шымкентте тағы да бейберекет қоқыс үйіндісіне айналған орын тазартылды. Бұған дейін 10 рұқсатсыз қалдық тасталған алаң жойылған еді. Мамандар әлі де науқан аясында тазалық іс-шарасы жалғасатынын жеткізді.

Бүгін қаладағы рұқсатсыз төгілген қоқыс орны тазартылды. Жастар шағын ауданындағы темір жол маңына тұрғындар тұрмыстық қалдықтарын әкеп тастауды әдетке айналдырыпты. Қараусыз қалған жерді коммуналдық қызметкерлер мен қоғам белсенділері ретке келтіруге атсалысты.

«Бүгінгі таңда бұл жердің иесі жоқ екен. Қараусыз жерге тастайтын ие табыла салады. Сондықтан шара қолданып, қоқыс төгетін орын қою керек. Әйтпесе осында әкеліп тастай береді. Ал біз акцияны қолдаймыз», — дейді «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бауыржан Әлтеев.

Мұнда күнделікті тұтынған азық-түлік, құрылыс материалдары сынды 20 тоннаға жуық қоқыс шығарылды. Ал бұған дейін қалада 10 бейберекет тұрмыстық қалдық тасталған алаң тазартылған еді. Аталған жұмыс Еңбекші ауданында әлі жалғасады дейді мамандар.

«Мынау 3 камазымыз қоқыс шығарып жатыр. Сонымен қатар, коммуналдық қызметкерлер тарапынан да тазалық жұмысы жүріп жатыр. Бізде 4-6 орын бар. Осы жер, бұдан бөлек Бадам өзені жаңалауы, 1 автожол маңы, Бердіқожа жолында рұқсатсыз төгілген қоқыс орындары бар еді. Оны толығымен жойдық. Бей берекет қоқыстарды алып, көлік кіре алмайтындай етіп, жағдай жасап қойдық», — дейді Еңбекші ауданы әкімінің орынбасары Ерлан Күзембаев.

Ал бұған дейін «Таза Қазақстан» акциясы Тұран ауданындағы үй аулаларына жүргізілген. Тұрғындар соның арқасында айналамыз көркейіп, күл-қоқыстан арылып қалдық дейді.

«Көшелеріміз, қоқыс тастайтын жеріміз таза болсын деген адамдармыз. Тұрандықтар таза ұстаса екен айналасын. Бояу алып, ауламызды сырлап алдық. Өздеріңіздер де көріп тұрсыздар. Біз енді қоқыс тастайтын жерге камера қойып қойдық. Тексеріп отырамыз», — дейді Шымкент қаласының тұрғыны Аманкүл Шынтасова.

Айта кетейік, бүгінгі науқанға 150-ге жуық маман мен 12 техника жұмылдырылған.