Қоғамдық көлік саласындағы кадрлар тапшылығына байланысты Қазақстанда автобус жүргізушілеріне қойылатын талаптар жеңілдейді. Енді D санатын 23 жастан бастап алуға болады, ал жүргізуші ретінде қажетті жұмыс өтілі үш жылға дейін төмендетіледі.
Елімізде автобус жүргізушілеріне қойылатын талаптар жеңілдетілді. «Тб» және «Д» санатындағы жүргізушілер санын арттыру үшін көлік құралдарын басқаруға 23 жастан бастап рұқсат берілмек. Сондай-ақ, жүргізушінің жұмыс өтілі үш жылға, ал «D1» санатшасына, бір жылға дейін қысқартылды.
«Бұл жағдайды мұқият талдадық. Мәселен, Кеден одағындағы елдердің ішінде Қазақстанда талаптар бәрінен қатаң екен. Мысалы Беларусь, Армения, Ресей, Қырғызстанда жүргізушілер 21 жастан бастап қоғамдық көлік жүргізеді. Ал бізде 25 жас және бес жыл еңбек өтілі қажет. Сондықтан талаптардың жеңілдеуі, яғни 23 жастан және еңбек өтілінің 3 жылға дейін қысқаруы жолаушылар тасымалының қауіпсіздігіне әсер етпейді деп ойлаймын», — дейді ҚР ІІМ бірінші орынбасары Марат Қожаев.
Отырыста сенат депутаты Ольга Булавкина «талаптардың жеңілдеуі қоғамдық көлік жүргізушілерінің кәсібилігінің төмендеуіне әкелмей ме?» деген сауалын жолдады.
«Біз қоғамдық көліктің қатысуымен болатын жол апаттарын жиі көрудеміз. Әсіресе, мегаполистерде адам өлімі орыналып жатады, көп жолаушы зардап шегеді. Осыған байланысты автобус пен троллейбус жүргізушілеріне талаптардың азаюы қоғамдық көлік жүргізушілерінің кәсібилік деңгейінің төмендеуіне әкеп соқпай ма деген сұрақ туындайды», — дейді ҚР Парламенті Сенатының депутаты Ольга Булавкина.
Бұл заң кадр тапшылығын жоюды көздейді. Ал шымкенттік мамандар мегаплистегі мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығында D санатын бермейтінін айтады. Ол үшін азаматтар Сарыағаш немесе Түркістан қаласына бару керек, оның үстіне процесс өте ұзақ уақытты алатын көрінеді. Бұл да кадр тапшылығына алып келеді дейді мамандар.
Шымкентте де қоғамдық көлік жүргізушілері жетіспейді. Мәселен, Шымкентбас компаниясының өзінде 539 автобус бар. Егер ауысыммен жұмыс істейтінін ескерсек, компанияға 1080 жүргізу керек. Ал қазір мұнда тек 738 жүргізуші бар.
«D категориясы болса, керекті құжаттары бар, соны түгелдеп алып келсе, ГАИ-дан справка алып келеді және келген соң бізден стажировка өтедi. D1 санатшасымен қабылдауға рұқсат берсе, жүргізуші жеткілікті болатын еді. Қазір 21-22 жастағы жігіттер барлығының қолында Д1 бар, бірақ автобус айдауға рұқсаты жоқ. Минивен, газельдерді айдай береді, ал автобус айдауға рұқсат жоқ», — дейді «Shymkent Bus» ЖШС директоры Карим Бестенов.
Мамандардың айтуынша, автобус жүргізушілерінің басым бөлігі егде жастағылар. Олар зейнетке шыққан жағдайда, орнына келетін адам жоқ. Жауаптылар, егер заң күшіне енсе, жүргізушілер қатары көбейеді деп үміттенуде.
«Аталған мәселе автобус жүргізушілерінің санының артуына оң ықпалын береді. Бұл ретте жүргізушілер санының артуы қаладағы жұмыс сапасына өз әсерін тигізеді. Шымкент қаласында автобус жүргізушілерінің тапшылығы бұрыннан бар мәселе. Тиісті заңға өзгеріс енгізілуіне байланысты жүргізушілердің санының артуы қоғамдық көлік саласына өз әсерін тигізетіні сөзсіз», — дейді Шымкент қаласы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бөлім басшысы Досымхан Жанзахов.
Полиция департаментінің мәліметіне сүйенсек, соңғы бес жылда Шымкент қаласында «D» санатын 19677, ал «D1» санатшасын 21889 жүргізуші алған.
Айта кетейік, қолданыстағы норма бойынша, 16 адам сиятын автобустарды жүргізу үшін D санатындағы құқықтарды алу үшін кемінде бес жыл жүргізуші тәжірибесі болуы керек еді. Сонымен қатар, азамат 25 жастан асқан болуы керек болатын.
Сенаторлар пленарлық отырыста автобус жүргізушілеріне қойылатын талаптарды жеңілдету туралы заңды талқылап, екі оқылымда мақұлдады. Құжат мемлекет басшысына қол қоюға жіберілді.