Бүгін Шымкент қаласының әкімдігінде кезектен тыс сессия отырысы өтті. Жиында 2024-2026 жылдарға арналған мегаполис бюджеті туралы сөз қозғалды. Сондай ақ, қала аумағын абаттандыру қағидалары да бекітілді.
Енді есігіңіздің алдындағы ағашты жайдан-жай кесе алмайсыз. Себебі қала аумағын абаттандыру қағидаларына өзгерістер енді. Рұқсатсыз бір тал кессеңіз орнына сондай 50 ағаш егуге міндетті боласыз. Бірақ бұл ереженің жеке учаскеңіздегі жасыл желекке қатысы жоқ.
Әбілқайыр Оңғар, Шымкент қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасының басшысы:
«Ағаш кесудің үлгілі қағидасы қайта қаралып отыр. Қазіргі таңда кез-келген азамат немесе кәсіпкер нысанының алдындағы ағаштарды рұқсатсыз кесіп тастаған жағдайда ҚР әкімшілік жауапкершілігіне тартылады. Енді рұқсатсыз ағаш кескен жағдайда 1 ағаштың орнына 50 сол тектес ағаштарды егуге міндеттеледі».
Бүгін қалалық әкімдікте мәслихаттың кезектен тыс отырысы өтті. Жиында абаттандыру қағидаларындағы өзгерістермен қатар, қала бюджеті туралы да сөз қозғалды. Сессияда мегаполис бюджетін 30 млрд. теңгеге арттыру ұсынылды.
Ерлан Есқараев, Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы:
«Жалпы бюджет көлемін 30 млрд. теңгеге арттыру ұсынылып отыр. Оның ішінде 17 млрд. теңге өзіндік істердің жоспарын ұлгайту. 2,8 млрд. теңге Республикалық бюджеттің қаражаттары. 9,5 млн. теңге тұрғын үй құрылыстарына алынатын аппелияциялық карыздар. Қала бюджетінің көлемі бүгінгі таңда 735 млрд. тенге болса, ол 764 млрд. теңгеге артатын болады».
Сессия отырысында қала әкімі Ғабит Сыздықбеков бюджеттің тиісті орындарға жұмсалып жатқанын айтты. Сондай ақ, мәслихат депутаттарына жазғы демалыс уақытында да халықпен тығыз байланыста болуды тапсырды.
Ғабит Сыздықбеков, Шымкент қаласының әкімі:
«Бюджеттерді егжей-тегжейлі қарадыңыздар. Неге жұмсалып жатқанынан хабардарсыздар. Бюджеттің әр теңгесі орынды жұмсалып жатыр деп ойлаймын. Енді өздеріңіз де алдағы демалыс кезінде тұрғындармен кездесіп, халықтың мұң-мұқтажын бізге жеткізіп отырсаңыздар дұрыс болады. Ол біздің жұмысымызға өз септігін тигізеді».
Күн тәртібінде қаралған мәселелер бойынша тиісті шешім қабылданды. Енді жауаптылар жаңа қағидалар бойынша жұмыс істейді.