Шымкентте «Ордабасы» индустриялық аймағындағы өрт толығымен сөндірілді. Мамандар әлі де оқиға орнында.
Қызыл жалын 1200 шаршы метр аумақты шарпыған. Қалалық әкімдіктегілер жалын толық сөндірілгенше оқиға орнында қала әкімі Ғабит Сыздықбековтің басшылығыммен жедел штаб ұйымдастырылғанын хабарлады.
Өрт 19:16-да оқшауланып, 28 шілде сағат 05:30-да толығымен сөндірілді. Қазіргі таңда өрттің шығу себебі анықталып жатыр.
Тілсіз жаумен күресуе жалпы саны 700-ден астам адам, 129 техника және 1 өрт сөндіру пойызы жұмылдырылды. Бұдан бөлек Түркістан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің өрт сөндірушілері де көмекке келген.
«Мамандар әлі оқиға орнында. Қажет болған жағдайда ықтимал зардаптың алдын алу және толық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шараларды қабылдайтын болады»,-деп атап өтті әкімдіктегілер.
Қалалық ТЖД өрт орнынан күйік және улану белгілері бар 10 адам (1 күйік, 9 улану) медициналық көмекке жүгінгенін айтты. Оның ішінде дәрігерлерді тексергеннен кейін 2 адам ауруханаға жатқызылған, қалған 8 адам жағдайы қалыпты болуына байланысты үйлеріне қайтарылды.