Интернет-алаяқтарды ұстау қиын

315
фото Отырар.кз

Интернет алаяқтарды ұстау неліктен қиын? Тәуелсіздік жылдарында Шымкентте қанша полицей қылмыскерлерді ұстау барысында қаза тапты? Осы және тағы басқа сауалдарға Шымкент қаласы полиция департаменті бастығының орынбасары Алмас Әмзеев жауап берді.

Былтырмен салыстырғанда қылмыс көбейді ма, азайды ма? Қылмыстың қай түрі көбейіп, қай түрі азайып жатыр?

Жалпы қылмыс санында төмендеу тенденциясы байқалады. Бұл тек қана жыл басынан бері емес, қылмыс саны жылдан жылға төмендеп келеді. Былтырғы 5 айда жалпы қылмыс тіркелімі 2410 болса, биыл бұл 1702-ге азайған. Яғни пайызбен айтсақ, 30%-ға жуықтаған. Оның 8%-ы аса ауыр қылмыс түрі болып отыр. Ауыр қылмыс – 26%, санмен айтсам, былтыр 822 болса, қазір 607-ге төмендеген. Орта дәрежелі қылмыстың да төмендеуі 31%-дан асып отыр. Онша ауыр емес қылмыс саны да 30%-ға жуық азайды. Қоғамдық орындарда орын алған қылмыс саны 36%-ға, көшеде болған қылмыстар 34%-ға азайған. Мұның бәрі статистика, ешқандай ойдан шығарылған сан емес. Біздің қаламыз қауіпсіз қаланың бірі саналады. Республикадағы халық санымен және тіркелген қылмыс санымен де қауіпсіз қала болып саналады.

Алаяқтық қылмысының ашылуы өте қиын, дегенмен бұл бағытта да күрес жүргізілу керек қой?

Алаяқтық қылмыстың ашылуы өте қиын. Себебі қазіргі алаяқтық интернетпен жүзеге асырылып жатыр. Пандемиядан кейін интернет алаяқтықтың тіркелуі қатты өсіп кетті. Әлеуметтік желінің дамуы қоғамның дамығанын көрсетеді. Дегенмен мұның екінші жағы – алаяқтар осы технологияны өз мақсатында пайдаланып келеді. Қазір азаматтарымызға көп материалдық шығын келтіріп жатыр. Бұрын алаяқты көзіміз көретін болсақ, қазір оларды көрмейміз. Және де ақшаның бәрі баяғыдай қолма-қол емес, белгілі бір шотта, картада деген сияқты. Болмашы уақыттың ішінде ақшаңыз шетелге кетіп қалуы әбден мүмкін боп жатыр. Сол себепті де бұл қылмыстың ашылуы қиындықтар туғызады. Қоғам дамыған сайын, қылмыс әлемі де дамиды. Біздің полицияның қылмыс ашу әдісі де дамиды. Қазір министрліктің бастамасымен Шымкент полиция департаментінде «киберпол» деген бөлім ашылған. Құрамында білікті полицейлер бар. Сол мамандар осы интернет алаяқтықпен күресу, оның алдын-алу бойынша жұмыс атқарып жатыр. Алаяқтық қылмысын тоқтатудың бірден-бір жолы алдын-алу шаралары. Күмәнді, танымайтын телефон қоңырауларынан, күдік туғызатын, білмейтін хабарламалардан сақ болу керек.

14 маусымнан бастап, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы заң күшіне енді, сол кезден бері қанша оқиға тіркелді?

Иә, өздеріңіз білетіндей, кейбір заңнамалық актлерге әсіресе қылмыстық кодекске өзгертулер енгізілді. Соның ішінде тұрмыстық зорлық-зомбылықтың жазасы қатаңдатылды. Оған дейін тұрмыстық зорлық-зомбылық, әкімшілік құқықбұзушылықтарға бұрын тек арыз шеңберінде іс жүргізілсе, 2023 жылдың 1 шілдесінен бастап, арызсыз да әкімшілік жауапқа тартылды. Ал енді 14 маусымнан бастап, қылмыстық жауапкершілікке тартылады. 108 және 109-бап енгізілді. Сонымен бірге жеке тұлғаға қарсы қылмыс ішінде қылмыс кәмелетке толмағандарға қатысты орын алатын болса, оның да жазасы өте қатаңдатылды. Мұның бәрі 14 маусымнан бастап, күшіне енді. Қазір түсіндіру жұмысы жүріп жатыр. Бұл заң күшіне енгелі бірнеше факт тіркелді. Бүгінгі таңда тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Оның бәрі қатаңдатылған тәртіпте, жаңа заң бойынша жауапкершілікке тартылады.

Полиция күні қарсаңында Шымкентте 3 мектепте алғаш рет «Жас сақшы» сыныбы ашылды. Мұның мақсаты не?

Биыл Қазақстан полициясына 30 жыл толады. Жыл сайын кәсіби мерекемізде сол жылы атқарған жұмысымызға қорытынды жасаймыз. Жылда бір ерекше іс-шара өткізуге тырысамыз. Биылғы бұл күннің ерекшелігі Ішкі істер министрлігінің қолдауымен ішкі істер саласындағы жұмысты өскелең ұрпақ арасында насихаттау мақсатында Асар мөлтекауданында орналасқан 3 мектепте 25 баладан тұратын «Жас сақшы» сыныбын аштық. №90 мекткепте ол сыныптың ашылу рәсімі өтті. Енді осы 25 оқушыны да біз жайдан-жай таңдай салған жоқпыз. Осы салаға қызығушылығы бар, өзі ниет білдірген, біздің сұрақтарымызға дұрыс жауабын берген оқушыларды таңдап алдық. Ол оқушыларға факультатив сабақ ретінде мамандарымызды жіберіп отырамыз. Олар осы салада жүрген, тәжірибесі бар полициялардан дәріс алады. Бұл оқушылар мектеп бітірген соң, арасында ішкі істер органында жұмыс істегісі келетін, біздің саланы мамандығы қылып таңдайтын оқушыларға ары қарай қолдау көрсетеміз. Осы салаға сіңісіп, түсіну бағытында жол көрсетеміз. Тура осындай бағытта 3 мектепте сынып ашылды. Бұл шымкентте алғаш рет болып отыр. Ішкі істер министрлігің бастамасы біздің қаламызда осылай жүзеге асып жатыр. Бұл жерде қала әкімдігімен білім басқармасына да айтар алғысымыз шексіз. Олар да бізге қолдау көрсетіп, сыныптың ашылуына жағдай жасады. Қала әкімдігі тарапынын ішкі істер органдарына материалдық және техникалық қолдау үздіксіз көрсетіліп отырады. Осы мереке қарсаңында қала әкімі жедел полиция қызметінің пайдалануына 54 автокөлік берді. Бұл көліктер заманауи, барлық қажет құрал-жабдықпен жабдықталған. Қызмет барысында пайдалануға өте тиімді, кемшіліктің бәрі ескеріліп, техникамен жабдықталған автокөліктер.

Осы кезге дейін Шымкентте қанша полиция қызметкері қылмыскерлерді ұстау барысында қаза болды? Ол кісілерді еске алу шаралары болды ма?

Осы мереке қарсаңында біз департамент ауласында арнайы іс-шара өткіздік. Өздеріңіз білетіндей, ішкі істер органдары – қауіп-қатері өте жоғары қызмет саласы. Мемлекет қызмет ішіндегі ең ерекше түры болып саналады. Тәуелсіздік жылдарынан бері 35 әріптесіміз қылмыскерлермен күрес барысында қаза тапқан. Ол кісілердің еңбегін біздің қатарымызға кейін келіп қосылған жас мамандарға және де ұрпақтастық сабақтастығын ары қарай дәріптеу мақсатында мемориал кешен аштық. Мемориал сол 35 әріптесіміздің суреті болды. Бұл іс-шараға әріптестерістеріміздің туған-туыстары, жұбайлары, бала-шағасы шақырылды. Және де департаментте Шымкент полициясына арналған арнайы кітап шығарылған. Сол кітаптың тұсауын кестік. Сонымен мерекеге арналған салтанатты шарамен ары қарай жалғасты.

Сұхбаттасқан — Жанерке ХУМАР