Кәмелетке толмаған мопед жүргізушілері 154 жол апатына себеп болған

133
Фото: Отырар.кз

Қазақстанда жыл басынан бері кәмелетке толмаған мопед жүргізушілерінің қатысуымен 154 жол көлік оқиғасы болған. Жүргізіліп жатқан жедел-профилактикалық іс-шараның нәтижесінде – тіпті жол ережесін мүлдем білмейтіндер де бар екені анықталған. Шымкенттік тәртіп сақшылары қауіпті жағдайлардың алдын алу бағытында түрлі іс-шаралар жүргізуде. 

 

Видеодағы мопед жүргізушісі рұқсат етілмеген жолда жүргені аздай екінші адамды мінгесітіріп алған. Жол ережесін бұзғандар полиция қызметкерлерін көре сала аяқ киімдерін тастап, қаша жөнелді. Ал 22 жастағы Ерболат Ошақбай ешкімнен қашпайды. Мопед жүргізушісінің екі дөңгелекті көлігін сатып алғанына жарты жылға жуықтаған. Мүлдем ереже бұзбаймын деген бозбала, мопедтің көмегімен нанын тауып жүр.

Ерболат Ошақбай, мопед жүргізушісі:
«Алғаныма 5-6 ай болды. Бағасы сол кезде 400 мың еді. Ал алған себебім – өзім студентпін, сол кішігірім өзіме, жүріс-тұрысыма, жататын жеріме ақша табуға көмектеседі. 100 пайыз, толықтай орындап жүрмін. Шлем, түнде осындай отражатель киеміз, жолдың оң жағымен айдаймыз, ешқашан оң жақ жолақпен машинаны озып шықпаймыз».

Кейінгі кездері мопед пен скутердің қатысуымен орын алған жол-көлік оқиғалары жиілеп, адам қазасына ұштасқан жағдайлар тіркелген. Жол апатының негізгі себептерінің бірі — арнайы қорғаныс құралдарының болмауы, қарсы жолаққа шығу, бағдаршамның тыйым салу сигналына өту, белгіленген жасқа толмаған және жол қозғалысы ережелерін білмейтін адамдарды басқаруға жіберу, адам мінгестіру.

«Жол жүрісі туралы» заңға және әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске көлік құралдарының жекелеген түрлерінің жүруін ұйымдастыру және жол қауіпсіздігін цифрландыру мәселелері бойынша заңнамалық түзетулер мәжілістің екінші оқылымында қабылданды. Енді мопедтер тіркеуден өтіп, мемлекеттік нөмірді алуы қажет. Сонымен қатар мопед жүргізушілері «А1» санатындағы жүргізуші куәлігін алып, жыл сайынғы техникалық байқаудан да өтуге тиіс. Негізгі заң жобасына сәйкес, мопед жүргізушілері әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексте көзделген баптарға сәйкес толық жауапкершілікке тартылады.

Шымкентте жыл басынан кәмелетке толмағандардың қатысуымен 286 жол-көлі оқиғасы тіркелген. Оның ішінде 5 жасөспірім қаза тауып, ал 328 жасөспірім әртүрлі дене жарақатын алған.

Мопед немесе электросамокаттардың қатысуымен жол-көлік оқиғасы орын алуда. Есеп беру кезеңәнде 20 жол-көлік оқиғасында 6 адам қаза тауып, 14 адам дене жарақатын алған. Оларға қатысты 10 913 әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамасы толтырылған.

Жыл басынан бері Қазақстанда кәмелетке толмаған мопед
жүргізушілерінің 154 ЖКО орыналған. Апат салдарынан 10 адам қаза тауып, 180 кәмелетке толмаған адам жарақат алған.

Заң мопедшілерге жүргізуші куәлігін алуға, емтиханнан өтуге біршама уақыт берді. Ал күзде полицейлер ортақ тәртіпке бағынбағандарға қарсы рейдке шығады. Айта кетейік, бұл норма мас күйде мопед қолданған жүргізушілер санын, мопедтердің қатысуымен болатын жол-көлік оқиғалары мен жарақат алу жағдайларын азайтуға бағытталған. Қазір Заң жобасы Сенат қаралымында.

Мұратбек Тәжібай, Шымкент қаласы ПД патрульдік полкінің аға лейтенанты:
«Профилактиканың өту мақсаты – Шымкент қаласында мото-көлікке қатысты жол-көлік оқиғасы көптеп түсуде. Сол себепті Шымкент қаласында мото-көлік профилактикалық іс-шарасы көптеп өтіп жатыр. Жол-көлік оқиғасының бәрі жол ережесін сақтамағаннан болады. Егер сақтап айдаса, ЖКО әкеп соқпайды. Мопед құралын алып берер алдын ата-аналарға ескерту: біріншіден, жол жүріс ережесін түсіндірсін, оқытсын, содан кейін ғана жолда сеніп тапсыруға мүмкіндік алады».

Тәртіп сақшылары жүргізушілерді өз өмірімен қатар, өзге жол қозғалысына қатысушылардың өмірі мен денсаулығына қауіп тудырмау үшін және мүліктеріне зиян мақсатында жолда жүру ережелері талаптарын қатаң сақтауға шақырады.