Астана қаласында қыркүйектің 5-не Дүниежүзілік көшпенділер ойындары басталады. Онда 21 спорт түрі бойынша 90 елден 2000-нан астам спортшы бақ сынайды. Сондықтан көшпенділер ойындарына дайындық жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр.
Дүбірлі додаға дайындық аясында бүгін Шымкентте көкпар спортының төрешілеріне арналған халықаралық тренинг-семинар басталды.
Халықаралық тренингке Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Моңғолия, Тәжікстан, Түркия, Мажарстан, Грузия, Пәкістан мемлекеттерінен, жалпы 35 төреші қатысты. Ал жарысқа қазіргі уақытта 90 ел қатысатынын растаған.
«Халықаралық семинар-тренингтің алғашқысы Шымкентте ұйымдастырылып отыр. Іс-шараны өткізудегі мақсат – төрешілердің біліктілігін арттыру, біздің көкпардың ережелерімен егжей-тегжейлі таныстырып, жарысты жоғары деңгейде өткізу. ҚР көкпар федерациясымен бекітілген бірқатар ережелер бар. Соған сай мамандар біліктілігін арттырады. Сондай-ақ, биылғы ойындардың қатарына Қырғыз елінің көкбөрі спорты да қосылды. Көкпар ойынына 10-нан астам ел қатысады», – дейді Мұратбек Сұлтанбекұлы.
Айта кетсек, түстен кейін практикалық тұрғыда тренингтер өтпек. Бүгінде Түркістан облысы және Шымкент қаласының көкпаршылары Ұлттық құрамамен бірге жаттығу жиындарына қатысып жатыр. Көшпенділер ойындарына аттанатын көкпаршылар жаттығу жиынынан кейін мәлім болмақ.