Мектептегі жөндеу жұмыстарына ата-анадан қаржы жинала ма?

134
фото Отырар.кз

Елімізде мектептерде жөндеу жұмыстарына, сондай-ақ басқа да керек-жараққа ата-анадан қаржы жинау фактілері бойынша шағым түсіп жатыр. Осылай деген ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ринат Зайытов қазақстандықтарға мәлімдеме жасады. Ол мұндай бұзушылықтармен ел болып күресу керектігін айтты. Ал бұл мәселе бойынша Шымкенттегі жағдай қандай?

«Шымкенттегі мектептердің бірінде ата-аналар комитеті әр оқушыдан 100 мың теңгеге жуық қаржы жинаған. Ол ақшаны сынып жетекшіге сыйлық алуға және басқа керек-жараққа жұмсамақ болған». Осындай мәтіндегі ақпарат Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің қалалық департаментіне келіп түскен. Дегенмен шапшаң түрде тексеру жүргізген мамандар ақпараттың расталмағанын айтады.

«Ағымдағы жылдың мамыр айында Департаменттің кезекші бөліміне ата-анадан қоңырау түсіп, онда ата-аналар комитеті тарапынан әр оқушыдан 100 мың теңгеге жуық ақша жиналып жатқандығын хабарлады (сынып жетекшісіне сыйлық алуға және т.б). Ата-ананың өтініші бойынша Департамент және қалалық білім басқармасының өкілдері мектеп басшылығы және ұжымымен, ата-аналар комиттерінің төрағалармен кездесу өткізіп, түсіндірме жұмыстары жүргізілді», — дейді ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті.

Шымкентте жыл сайынғы ағымдағы жөндеуге, нақтырақ айтқанда ақтау-сырлау жұмыстары үшін мемлекеттік білім беру ұйымдарына 100 пайыз қаржы қаралған. Биыл мемлекеттік 148 мектепке 381 млн теңге қаржы бөлінген. Бүгінде оның 40 пайызы игеріліп, жөндеу жұмыстары жүргізілді.

«Бүгінгі күнде Шымкент қаласында ақтау-сырлау жұмыстарына қаржы жинау бойынша шағым түскен жоқ. Бүгінгі күннің өзінде, 148 мектептің 126-сы толығымен мемлекеттік сатып алу конкурсын өткізіп, келісім шартқа тұрып қойды. 26 мектепте ақтау-сырлау жұмыстары толығымен аяқталды. Біз қаралған қаржыны басқарманың ресми сайтына және мектептердің өздеріне тіклей отырғызып отырамыз», — дейді Шымкент қаласы білім басқармасының бөлім басшысы Тұрар Сауытов.

Бұл тақырыпты мәжіліс депутаты Ринат Зайытов та қозғады. Сөзінше, елдің түкпір-түкпірінде ата-аналардан, тіпті мұғалімдерден қаржы жинау дерегі бойынша шағым көптеп түсіп жатқан көрінеді.

«Күтпеген шағым түсіп жатыр, ол – Қазақстанның түкпір-түкпірінде мектептерде жөндеу жұмыстарына ақша жинау, кейбір жерлерде мұғалімдерден, ата-аналардан ақша талап еткен фактілер бар деген шағым түсіп жатыр. Кез-келген депутаттың атына е-өтініш арқылы қай мектеп қай өңірде қандай заңсыздық жасағаны туралы шағымдана аласыздар», — дейді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ринат Зайытов.

Айта кетейік, Шымкент қаласының сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің картасында басым бағыттардың бірі ретінде білім саласы енгізілген. Бұл бағытта тиісті департамент тұрақты түрде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша ата-аналармен, мектеп ұжымдарымен семинарлар өткізіп жатқандығын мәлімдеді.