«Мұғалімдер мен медбикелер» — мамандар қаржы пирамидасына көбіне әйелдер алданатынын айтты

17
фото : Pixaboy.com

Жыл басынан бері қаржы пирамидаларына 690 адам алданған. Келтірілген залал көлемі 432 млн. теңгені құрап отыр. Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің мамандары көбіне кімдер пирамида құрбаны болатынын айтты. 

Қаржы пирамидасына көбіне әйелдер алданады. Бұл туралы экономикалық тергеп-тексеру департаментінің мамандары хабарлады. Олардың сөзінше пирамида құрбандарының 70-80 пайызы нәзік жандылар.

Камилхан Исмаилов, Шымкент қаласы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті ұйымдастыру-бақылау басқармасының басшысы: «Салымшылардың 70-80 пайызы әйелдер азаматтарды құрайды. Олардың ішінде  көбінесе мектеп мұғалімдері мен медбикелер. Алданған 10 адамның 7-8-і әйел азаматтар».

Жыл басынан бері қаржы пирамидаларына 690 адам алданып үлгерді. Ал былтырғы жылдың қорытындысы бойынша 960 адам пирамида құрбаны болған екен.

Камилхан Исмаилов, Шымкент қаласы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті ұйымдастыру-бақылау басқармасының басшысы: «Осы жылдың 6 айында 3 қылмыстық іс тіркеліп, қозғалған. Оның біреуі өндіріспен аяқталып, екеуі өндірісте, қазір тергеу амалдары жүргізілуде. Ал өткен жылы 5 қылмыстық іс қозғалған. Залал көлемі 2023 жылы 720 млн. тг болса, 2024 жылы 432 млн. тг құрап отыр».

Ал жыл басынан бері қаржылық пирамиданы жарнамалаған 450 веб-сайт пен әлеуметтік парақша бұғатталды. Сондай-ақ, ватсап және телеграм желілерінде 10 топтың жүйесі жойылды.