Ордабасы алаңындағы субұрқақ жөндеуден өтті

121
Фото: Отырар.кз

Шымкент тағы бір жаңа гүлзармен толықты. Асқаров көшесі мен Республика даңғылының қиылысында сквер ашылды. Сондай-ақ, Ордабасы алаңындағы екі субұрқақ іске қосылды. Жалпы қалада бірнеше субұрқақ жөндеуден өтті.

Асқаров көшесі мен Республика даңғылы қиылысында жаңа гүлзар ашылды. Ауданы шамамен 4000 шаршы метрлік скверде субұрқақ пен орындықтар қойылып, толық жарықтандырылған. Жаңа қоғамдық орын аумағында қылқалам шеберлері әдемі мурал салып жатыр. Алдағы уақытта қала тұрғындары мен қонақтары үшін ашық аспан астындағы кинотеатр іске қосылады деп жоспарлануда.

Бақдәулет Қаблан, Тұран ауданы әкімі аппараты инфрақұрылым бөлімінің бас маманы:  «Демеушілік есебінен халықты демалыс орны көбейсін деп Шымкент қаласының тұрғындарына арнап салған сквер. Қазқір халыққа пайдалануға берілді. 4000 шаршы метрге салынды. Муралдар салынды, кәсіпкер есебінен қала көркін ажарландыру мақсатында бояп, есемдеп жатыр. Жақын арадағы мекен-жайлар 8-шағынаудан, Асқаров, Республика көшелерінің тұрғындары өте қуанышты. Күндіз болсын, кеш болсын адам толы».

Ордабасы алаңындағы субұрқақтар іске қосылды. Мұндағы екі ескі субұрқаққа демеушілер есебінен бір айға жуық жөндеу жұмыстары жүргізілді. Қазір мұнда тұрғындар мен қонақтарға қолайлы жағдай жасалған.

Ерсұлтан Қапашев, Қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасы су объектілері мен жер қойнауын басқару бөлімінің бас маманы: «Екі субұрқақ болған ескі. Толықтай электр жүйелері мен сусоғылары бәрін ауыстырып, екі жаңа фонтан қойылып қазіргі таңда жұмыс жасап тұр. Бұл жерде брусчатка ауысты, гранит және перила ауысты және қала тұрғындарына қолайлы орта жасау мақсатында орындықтар мен қоқыс жәшіктері қойылды».

Жалпы Шымкент қаласында 25 мекен-жайда 40 субұрқақ бар. Биыл Абай, Металлург саябақтарындағы, Арбат демалыс орнындағы, орыс драма театр аумағындағы және әкімшілік ғимараты аумағында орналасқан тайқазан мен әуенді субұрқақтары жөндеуден өтіп, жаңартылды. Сондай-ақ, биыл жаңадан 3 субұрқақ іске қосылды.