Құрсайда 12 көшеге асфальт төселіп жатыр

13
Фото: Отырар.кз

Құрсай шағынауданында 12 көшеге асфалть төселіп жатыр. Бұл сәтті тұрғындар 10 жылдан аса уақыт күткен. Сондықтан қуаныштарын жасыра алмады. 

Құрсайда 12 көше асфальтталып жатыр. Бұл жаңалықты жылдап күткен жергілікті тұрғындардың қуанышында шек жоқ. Мұнда осыдан 10 жыл бұрын көшіп келген Кәдірбек Сәрсенқұлов әр қыс сайын әлекке түсіп келгендерін айтады. Балшыққа батып, талай рет көліктері де жүрмей қалыпты. Енді жол тегіс, такси шақыруға да қиналмайтын болдық дейді.

«10 жылдан бері осыны күтіп жүргенбіз. Балшыққа да батып жаттық. Оның бәрі артта қалып, жаңа асфальтіміз салынып, жарығымыз да келіп жатыр. Жақсы, орынды іс», — дейді Шымкент қаласының тұрғыны Кәдірбек Сәрсенқұлов.

Құрылыс жұмысының басталғанына 1 айдан асты. Осы аралықта асфальт 2 көшеге төселген. Мамандар оның талапқа сай болуын қатаң бақылауға алғанын жеткізді.

«Көріп отырғандарыңыздай асфальтбетондаудың тегістеу қабаты төселіп жатыр. Яғни,  2 қоспалы асфальт төсеп жатырмыз. Қазір бәрі талапқа сай. Кеше эмулсия шашылып, астыңғы қабатын лабораториядан өткізіп, бүгінге құрылыс жұмысын жүргізуге рұқсат алынды», — дейді техникалық қадағалаушы Құрас Аңдас.

Құрсай шағынауданында жоспар бойынша 10 шақырым асфальт төселеді. Қазір оның 2 шақырымы аяқталды. Жауаптылар күзге дейін құрылыс толық аяқталады деп отыр.

«Қазір үшінші көшені бастап жатырмыз. Зайсан көшесіндегі бұл — бірінші төсемесі. Бәрі жоспардағыдай болып келе жатыр. 6 айдың 19-ы күні бастағанбыз. Құдай қаласа белгіленген уақытта аяқтаймыз», — дейді участке бастығы Жәнібек Аубаев.

Сонымен қатар, мұнда 2,7 шақырым жерге жүргіншілер жолы салынып жатыр. Ал қалада жалпы 54 көшеге асфальт төсеу жұмыстары жоспарланған.