Сарыағаштық тұрғындар аптап ыстықта ауыз суға зар болып отыр. Екі мыңға жуық тұрғыны бар Береке ауылы әлі суды сатып алып, тасып ішеді. Себебі 8 жыл бұрын басталған су құбырының құрылысы әлі күнге дейін бітер емес.
21 ғасырда Сарыағаштық тұрғындар суды тасып ішіп отыр. Тіпті тоннасына 1000 теңге төлеп сатып алады. Сегіз жыл бұрын бюджеттен 288 млн теңге бөлініп, ауылға құбыр тартылған. Әр үйдің іргесіне су жүретін пластикалық түтікше де орнатылған. Бірақ қазір оның пайдасын көріп жатқан халық жоқ. Жергілікті тұрғындар жауапты мердігерден қайран болмады деп налып отыр.
Нұрбол Еркеқұлов, Береке ауылының тұрғыны:
«Мысалы үшін жұмыс бір жылда немесе екі жылда бітуі мүмкін. 8 жылдан бері бітпеуі мүмкін емес. 1-ші шілдеге дейін су кіргіземіз деген».
Ал, Гүлмира Қошқарова ауласынан құдық қаздырып алған. Ондағы су жаздыгүні жиі ластанып кететін көрінеді. Тіпті құрттап та кетеді екен. Алайда көпбалалы ана сол суды пайдалануға мәжбүр.
Гүлмира Қошқарова, Береке ауылының тұрғыны:
«Кейде су құрттап кетеді. Құдықты жуу керек. Оны ішкеннен кейін балалардың іші ауырады. Қазір көп вирус тарап жатыр. Осы құдықтан бәрі».
Су құбырының құрылысына жауапты мердігерлер мәселенің қаржыға тіреліп тұрғанын айтады.
Лесбек Үсіпбаев, мердігер мекеменің директоры:
«2016 жылы бастадық, 2017 жылы істедік, 2018-де істедік. Қаржы бөлінбей қалған. Мына сессияда қоямыз, ана сессияда қоямыз деп осы 2024 жылы бөлінді. Бөлінгеннен бері біз жұмыс жасап жатырмыз».
Ал жергілікті билік құрылыстың уақытылы аяқталмауына мердігер компанияның салғырттығы себеп дейді. Оларға айыппұл салынып, тіпті бұл іс сотқа да жолданыпты. Былтыр жұмысты жалғастыруға қаражат табылғанымен, құбырдан ақау шыққан көрінеді.
Арман Абдуллаев, Сарыағаш ауданының әкімі:
«Су аудауыш мұнараның басындағы су жинайтын екі резервуарға су жинаған уақытымызда ол жерден ойықтар пайда болып, су кетіп қалды. Содан кейін кеше күн жылынғаннан кейін ол жердің жамау жұмыстарын жасап, қазір су жинап тұрмыз. 95 пайыз жұмыс бітіп тұр. Енді су беруді бастаймыз».
Биліктегілер ауылға келесі апта су береміз деп отыр. Алайда 8 жыл бойы судан тарыққан «Берекелік» тұрғындардың бұл сөзге сенгісі жоқ. Айта кетсек, бүгінде Сарыағаш ауданындағы 63 елдімекеннің 45-іне тіршілік нәрі сағатпен беріледі. Ал қалғандары суды арықтан ішіп отыр.