Шатырынан су кетіп, қабырғалары жарылып тұрған мектеп биыл да күрделі жөндеусіз қалды

15
Фото: Отырар.кз

Шымкенттегі №75 мектеп-гимназиясына күрделі жөндеу қажет. Осындай мәселе қозғаған қоғамдық кеңес мүшелері екі айдан бері тиісті басқармадан жауап ала алмай отырғандарын айтады. Ал әр жылы қылышын сүйретіп қыс келген сайын мектепті жылыта алмай әуреге түсетін білім ордасының басшылығы, күрделі жөндеу қажет екенін растайтын барлық құжатты тиісті орынға өткізгенін айтады. Алайда, 1 апта бұрын ғана, мектеп күрделі емес, ағымдағы жөндеуден өтті.

Шымкенттің орталығында орналасқан мектеп-гимназияның қабырғалары жарылған, шатырынан су Өтеді. Қыста жылу әсер етпей, балалар сабақта сырт киіммен отыруға мәжбүр дейді мұғалімдер. Тіпті жиналыстар мектеп дәлізінде өтетін көрінеді.

Айжан Тәжібаева, №75 мектеп-гимназиясы директорының орынбасары: «Спорт зал мен акт залының төбесінде ешқандай жылуды ұстап тұратын материал жоқ, бірден шифер болып кеткен. Мұғалімдер, ата-аналар, қамқоршы кеңестің көмегінмен осыдан 5-6 жыл бұрын профнастилмен жауып қойғанбыз. Қыстыгүні балаларды салқын залда ойнату өте қауіпті. Мектеп болған соң, біліммен ғана айналыспай шығармашылық бар, ұстаздардың жиналысы бар, қыс айларында біз кәдімгі орындықтарды шығарып, дәлізде өтеміз жиналыстарды».

Жарас Көпжасаров, №75 мектеп-гимназиясы директорының шаруашылық жөніндегі орынбасары: «Қыс ауасында бізде ағаш терезе болғаннан кейін жылу ұстамайды. Біз кленкамен қаптап, болмаса скотчтап, қатты суықтарда бұрыштағы кабинеттер жылымайды, сол кезде рұқсат сұрап электр жылыту құрылғыларын қоямыз. Таңертең ерте келіп бір мегіл қойып аламыз. Қыста сондай қиындықтарға тап боламыз. Шиферларды байқадыңыздар, қатты сынып тұр. Жауындарда су да өтіп кетеді. Спорт залдың үстінен су тамшылап, ағып тұрады».

Жарылған қабырғаларды жыл сайын ағымдағы жөндеу кезінде өздері жамап қоятын көрінеді. Ал ағаш терезелер жазда ауа кірмей, қыс мезігілінде дұрыс жабылмайтын болған соң ішке ызғар есіп тұрады. Мамандар терезені қолдан келгенше бекітіп қоюға тырысамыз дейді, дегенмен, одан нәтиже жоқ.

Ата-аналар да, мектеп ұжымы да бұл мәселені талай рет көтерген көрінеді. Бірақ, сөзімізге ешкім құлақ асар емес дейді олар. Тіпті балалар бұл мектеп-гимназиясынан басқа білім ұяларына ауысып жатқан көрінеді.

Бауыржан Алшыбаев, ата-ана: «45 минут емес, 90 минут емес, 6 сағат отырады ғой оқушылар. Қарамайсыңдар ма? Немерем 6 сыныпта басқа мектепке ауысты. Осы мектепке жақын тұрамыз да, ол мектепке алыс. Кеше ғана айттым немереме, «жақын жерге ауыссаңшы, гимназия мұғалімдері бәрі жақсы ғой» дедім. «Ата, ескі мектепке барғым келмейді» дейді. Бірінші сыныпқа баласын алып келетін ата-аналар, көрсе, бұралыда да кетеді».

№75 мектеп-гимназиясы 2001 жылы пайдалануға берілген екен. Ғимарат соңғы 23 жылда бірде-бір күрделі жөндеу көрмеген. Ал биыл бұл білім ордасын ағымдағы жөндеуден өткізу үшін 1 млн 345 мың теңге бөлінген. Маусым айының соңында басталған ақтау-сырлау жұмыстары бүгінде аяқталған. Бұл мәселеден қоғамдық кеңес мүшелері де хабардар екен. Нұргүл Қобланова осыдан екі ай бұрын тұрғындардың арызы негізінде тиісті басқармаға хат жолдағанын айтады. Алайда, жауап ала алмапты.

Нұргүл Қобланова, Шымкент қалалық қоғамдық кеңесінің мүшесі: «Өте үлкен жұмыс керек ол жерде, сол туралы сіздерге ұсыныс бергенбіз екі ай бұрын. Бірақ, осы уақытқа дейін хаты да жоқ, жауабы да жоқ, сол себепті біз арызға жауап бере алмай отырмыз. Қазіргі таңда 75-ші мектеп қандай жағдайда тұр? Биылға кіре ма, ол?»

Бұл сұраққа жауап берген құрылыс басқармасының басшысы, «мәселенің шешімін білім басқармасымен бірге қарастырып жатырмыз» деумен шектелді. Сөзінше, сұрақты білім басқармасына жолдаған.

Олжас Тәжібаев, Шымкент қаласы құрылыс басқармасының басшысы: «Біз оны білім басқармасына жолдағанбыз. Білім басқармасымен бірігіп, осындай ұсыныстардың бәрін жинап, жергілікті бюджет қаражатының көп болмауына байланысты кезең-кезеңімен жасайтын жобамыз бар. Осыны білім басқармасымен бірге анықтап, көрсетеміз. Қай мектепте күрделі жөндеу жұмыстары, қай мектепте қосымша ғимарат салынады».

Ал, білім басқармасы сәуір айында құрылыс үшін сұраныс хатты жолдап қойғандарын айтады.

«№75 мектепке күрделі жөндеу жүргізу туралы құрылыс басқармасына 25.04.2024 жылғы №10-09-17/2685 санды сұраныс хат жолданған. Жергілікті бюджеттен қаржы қаралған жағдайда жөндеу жұмыстары басталатын болады», — делінген Шымкент қаласының білім басқармасының хабарламасында.

Мәселенің анық қанығын екі басқармадан да біле алмадық. Байқағандарыңыздай қос ведомство өкілдері бір-біріне хат жолдаумен ғана шектеліп отыр. Екі ортада тозығы жеткен мектептің 1300-ге жуық оқушысы биыл тағы ескі ғимаратта білім алуға мәжбүр болатын сияқты. Ал мәселе арна тілшілерінің назарында болады. Біз бұл тақырыпқа қайта ораламыз.