Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департамент басшысы Дәурен Ерғарин қызметінен босатылды. Бұл туралы ол өзінің Facebook парақшасында жазды.
Бейресми дереккөздің ақпаратынша, Дәурен Ерғарин ҚР Президент Әкімшілігіндегі лауазымды қызметке тағайындалады деп күтілуде.
«Құрметті достар және әріптестер! Екі жыл аралығында бірлескен жұмыстардың нәтижесінде жаңа жеке қасиеттер мен кәсіби тәжірибеге ие болдым және өздеріңізбен бірге белгілі бір нәтижелерге қол жеткіздік. Барлық бей-жай қарамайтын азаматтарға, қоғам белсенділеріне, адвокаттарға, заңгерлерге, сыбайлас жемқорлыққа қарсы еріктілер мен БАҚ қызметкерлеріне сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің бастамаларына қолдау көрсеткендеріңіз үшін шын жүректен алғыс айтқым келеді. Сіздердің үлестеріңіз қазіргі және болашақ ұрпақ үшін өте маңызды. Басқа жұмысқа ауысуыма байланысты сіздермен қоштасамын»,-деп жазды ол.
Еске салсақ, Дәурен Ерғарин 2023 жылдың қаңтар айында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департамент басшысы болып тағайындалды. Бұған дейін ол Ақтөбе облыстық антикор басшысы болған.
(Фото: facebook.com/Дәурен Ерғарин)