1982 жылы медициналық есептер мен БАҚ-да ЖИТС-туралы алғашқы ақпарат жарияланды. Көп ұзамай, 1987 жылы, қатерлі дерт Қазақстанда да тіркелген болатын. Жаңа аурудын алдын алу және онымен күрес жұмыстарын жүргізу мақсатында Оңтүстік Қазақстан облыстық денсаулық сақтау бөлімінің 18.07.1989 жылғы №323-П бұйрығымен Шымкент қаласында ЖИТС орталығы ашылып, алғашқы рет АИТВ-ға зертханалық диагностикасы енгізілді.
Орталықтың жалпы қызметкерлер саны 23, 3 құрылымдық бөлім, атап айтқанда: профилактикалық және әдістемелік жұмысты ұйымдастыру бөлімі (меңгерушісі дәрігер-эпидемиолог Прыгунов Павел Михайлович), халықты эпидемиологиялық тексеруді ұйымдастыру бөлімі (меңгерушісі дәрігер-эпидемиолог Орманов Болат Жаппарұлы) және зертхана бөлімі (меңгерушісі дәрігер лаборант Ли Людмила Геннадьевна) болды.
1992 жылы Орталық Рысқұлбеков көшесіндегі ғимараттан сол кезде жаңадан ашылған қалалық жұқпалы аурулар ауруханасына көшірілді. Арнайы клиникалық және эпидемиологиялық көрсетілімдер бойынша жүргізілген тексерулер барысында, 1993 жылы Шымкент қаласында алғашқы АИТВ-жұқтырған науқас анықталған болатын. Өндірістік қажеттілікке, зертхананың қуаты өсуіне және штаттың кеңеюіне байланысты, 1998 жылы Орталық қазіргі мекен-жайы – Кремль көшесіндегі ғимаратқа ауысты.
Орталық тарихындағы елеулі оқиғалар хроникасы:
— 2000 жылы – халықтың негізгі топ өкілдері (инемен есірткі тұтынушылар, секс қызметкерлері) арасында профилактика шаралары енгізілді;
— 2001ж – анадан балаға берілу профилактикасы басталды;
— 2005ж – ағымды цитометрия әдісімен иммунитет деңгейін анықтайтын аппарат іске қосылды;
— 2006ж – ретровирусқа қарсы препараттармен ем жүргізіле бастады;
— 2006ж – жедел-тест әдісімен АИТВ-диагностикасы енгізілді;
— 2006ж – қатынастан кейінгі алдын алу емі жүрзіле бастады;
— 2007ж – ретровирусқа қарсы терапия тиімділігін бақылауға ПЦР-диагностика енгізілді;
2021ж – АИТВ-жұқтыру қаупі жоғары (сау) адамдарға қатынасқа дейінгі алдын алу емі жүргізіле бастады.
Бүгінгі күнде Шымкент қаласындағы ЖИТС-орталығының қызметкерлер саны 123, дәрігерлер ТМД-ның жетекші елдерінде (Ресей, Украина, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан және т.б.) дайындалып, тәжірибе алмасу мақсатында алыс шетелдерге барды (АҚШ, Румыния, Германия, Италия, Корея, Қытай, Турция). Зертхананың өндірістік қуаты – тәулігіне 2000нан астам тексеру, Шымкент қаласы бойынша алғашқылардың қатарында «Медициналық зертханалар. Сапа мен біліктілікке қойылатын талаптар» ҚР СТ ISO 15189-2015 талаптарына сәйкес аккредиттелген, заманауи құралдармен жабдықталған, АИТВ диагностикасында 4 ұрпақты сезімтал тесттер қолданылады. Қазақстан Республикасының азаматтары мен қандастарға АИТВ-инфекциясын диагностикалау, емдеу және алдын алу шаралары тегін жүргізіледі. Диспансерлік есепте – 1821 науқас, олардың 1773-і үздіксіз вирусқа қарсы терапия қабылдауда. Емдеу барысында тек дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ұсынған, сапасы сертификатталған, клиникалық сынақтардан өткізілген препараттар қолданылады.
АИТВ-жұқтырған жүкті әйелдерді профилактикалық емдеу нәтижесінде 668 сау нәресте дүниеге келді. Заманауи емдеу технологияларын қолдану нәтижесінде АИТВ-жұқтырған адамдардың өмір сүру ұзақтығы басқа адамдармен теңесуде, мысалы диспансерлік бақылаудағы пациенттердің ең үлкені – 90 жасқа аяқ басып, емін жалғастыруда. АИТВ-жұқтыру қаупі жоғары 189 адамға қатынасқа дейінгі алдын алу емі жүргізілуде. Тиімді емдеу мен алдын алу, жалпы халық арасында таңбалау мен кемсітуді болдырмау бойынша жүргізілген жұмыстар нәтижесінде АИТВ-мен өмір сүретін 17 жас сау құрбыларымен некелесіп, жанұя құрып, сау ұрпаққа қол жеткізуде.
Әрине, ЖИТС қызметінің дамуы мен жеткен жетістіктеріне Орталық басшылары зор үлесі қосты, атап айтқанда: Алтынбеков Мадияр (1989-1991жж.), Ниязбеков Сәкен Сәрсенқұлұлы (1991-1999жж.), Байхарашев Рыскулбек Сарпекович (1999-2003 жж.), Беккужинов Сулеймен Қамкенович (2003-2005жж.), Жумагулов Келесбай Боранбаевич (2005-2006жж.), Бабина Наталья Ивановна (2006-2007жж.), Абдразаков Артур Утетлеуович (2007-2009 жж.), Мейрханов Талгарбек (2009-2022жж.). 2023 жылы бас дәрігер лауазымына Сырбек Бекен тағайындалды.
Жоғары кәсібилігі мен халық денсаулығын қорғаудағы жетістіктері үшін орталық қызметкерлері мемлекеттік, кәсіподақ және салалық наградалармен мараптталған. Орталық қызметкерлері кәсіби қызметін салауатты өмір салтымен ұштастырып, жыл сайынғы медицина қызметкерлерінің спартакиадасында жүлделі орындардан көрінуде.
35 жылдық тарихын қорытындылай келе, Шымкент қаласы бойынша АИТВ-инфекциясының таралуы, республикалық көрсеткіштен төмен деңгейде ұсталуда.
Орталықтың 2030 жылға қарай қойған мақсаттары,
— АИТВ-мен өмір сүретін барлық адамдардың 95% өз мәртебесі туралы білуі тиіс;
-АИТВ-инфекциясы диагноз қойылған барлық адамдардың 95%-ы антиретровирустық терапияны тұрақты алуы тиіс;
-антиретровирустық терапия алатын адамдардың 95%-да вирустық супрессия байқалуы тиіс.
Б. Сырбек, Шымкент қаласы
ЖИТС орталығының бас дәрігері