Шымкентте 1 тамыздан бастап тұрғын үй сертификатына өтінім қабылдау басталады

22
Фото: Отырар.кз

1 тамыздан бастап тұрғын үй сертификатына өтінім қабылдау басталады. Бұл — 1 млн теңгеден аспайтын мөлшерде қайтарымсыз негізде берілетін әлеуметтік көмек. Жеңілдік кімдерге тиесілі? Қаржылай көмекті алу үшін не істеу қажет? Және ең бастысы қандай құжаттар керек?

Шымкентте 1 тамыздан бастап тұрғын үй сертификатына өтінім қабылдау басталады. Әлеуметтік көмек 1 млн теңгеден аспайтын мөлшерде, ең бастысы қайтарымсыз негізде беріледі. Яғни, «2-10-20» және «5-10-20» бағдарламалары бойынша ипотекалық бағытта үй аламын десеңіз сізге бастапқы жарнаның бір бөлігін жабу үшін қаржылай көмек көрсетіледі. Ал бұл сертификатты кімдер ала алады, мамандар жауап берді.

Көпжан Төлебаев, Шымкент қаласы тұрғын үй басқармасы басшысының орынбасары:
«Тұрғын үй сертификаттарын алушылар санаттарының тізбесі: 1) бірінші және екінші топтардағы мүгедектігі бар адамдар; 2) ерекше балалары бар немесе оларды тәрбиелеп отырған отбасылар; 3) кәмелетке толғанға дейiн ата-аналарынан айырылған жиырма тоғыз жасқа толмаған жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар; 4) «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен наградталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған көпбалалы аналар, көпбалалы отбасылар; 5) толық емес отбасылар; 6) Шымкент қаласының мемлекеттік мекемелері мен мемлекеттік кәсіпорындарының жұмыскерлері».

Талаптарға сәйкес, өтініш беруші мен бірге тұратын әрбір отбасы мүшесінің соңғы 6 айдағы орташа табыс мөлшері 134 562 теңгеден аспауы тиіс. Бұл жерде зейнетақы аударымдары, жеке табыс салығы және өзге де міндетті аударымдар есептелмейді. Сонымен тұрғын үй сертификатын алу үшін қандай құжаттар керек?

Көпжан Төлебаев, Шымкент қаласы тұрғын үй басқармасы басшысының орынбасары:
«Қажетті құжаттар тізімі: 1) өтініш берушінің және отбасы мүшелерінің жеке басын куәландыратын құжат; 2) соңғы 6 ай ішіндегі еңбек және кәсіпкерлік қызметтен табысы туралы анықтама; 3) жұмыс орнынан анықтама (халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарының санаттарын қоспағанда); 4) қарыз сомасы, бастапқы жарнаның мөлшері және ипотекалық тұрғын үй қарызы бойынша ай сайынғы төлемнің сомасы туралы мәліметтерді қамтитын, өтініш берушіге бастапқы тұрғын үй сатып алу үшін ипотекалық тұрғын үй қарызын беруді мақұлдау туралы банктің хаты».

Тұрғын үй сертификатын алу үшін өтініштер «кezekte.kz» интернет ресурсы арқылы қабылданады. Айта кетейік, 218 азамат жыл басынан бері қаржылай көмекті алып үлгерді.