Шымкентте осыдан 4 жыл бұрын бойжеткенге күш қолдану арқылы зорламақ болған жігіт Грузиядан Қазақстанға жеткізілді.
Бас прокуратура мен Қазақстан ІІМ Интерпол қызметкерлері Сыртқы істер министрлігінің көмегімен Грузиядан сот үкімін орындау үшін Қазақстан азаматын экстрадициялады.
Ол 2020 жылы Шымкент қаласында күш қолдану арқылы бойжеткенді зорламақ болған. Жәбірленуші белсенді қарсылық көрсетіп, қылмыскердің қолынан қашып құтылған.
«Сот аталған тұлғаны кінәлі деп таныған. Алайда сотталған үкімді жариялауына қатыспай жасырынып, тағайындалған жазаны өтеуден жалтарған. Соған байланысты ол халықаралық іздестіруге жарияланды. 2023 жылғы қазанда сотталушы Грузия аумағында ұсталды. Бас прокуратура сұрауы бойынша грузиялық тарап оны экстрадициялау туралы шешім қабылдады»,-делінген Бас прокуратура мәліметінде.
Қазіргі уақытта ол Астана қаласының тергеу изоляторына қамауға алынды.