Жас ұрпақтың кітап оқуға деген құштарлығын ояту қажет дейміз. Алайда, елімізде бұл салада елеулі қызмет ететін кітапханашыларды даярлау жағы ақсап тұр. Мәселен, Шымкенттегі Мұхтар Әуезов атындағы университеттегі кітапхана ісі мамандығы мүлдем басқа кафедраға қосылып кеткен екен. Мұндағы басты себеп, бұл мамандықты игеруге ынталы студенттердің аздығы.
Елімізде кітапханашы мамандығына бөлінетін грантты көбейту керек. Мегаполистегі сала мамандары осылай деп отыр. Себебі бұл мамандықта оқитын студенттер саны жылдан жылға азайып бара жатқан көрінеді.
Анар Жаппарқұлова, Әл-Фараби атындағы ғылыми-әмбебап кітапхананың директоры:
«Кітапханашыларға грантты көбірек бөлсе жақсы болар еді. Кітапханашы деген мамандық Әуезов университетінде бар еді, бірақ ол мамандықта адам аз болғандықтан тарих кафедрасына қосылып кеткен. Осы мамандыққа кішкене қолдау болса дейміз».
Кітапханашыларды дайындамасақ, кітап оқымайтын елге айналамыз дейді сенатор Айгүл Қапбарова. Депутат бұл мамандықта оқуды ақылы түрге ауыстыру мүмкіндігін де қарастыру қажет дейді. Ол бұл мәселені тиісті министрлікпен ақылдасып, шешуге тырысатынан жеткізді.
Айгүл Қапбарова, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:«Бұл тақырыпты зерделеу керек. Ол бізге қажет па, қажет емес па? Оны ақылы жасау керек па? Ол кітапхана ісі мамандығы ақылы түрде болу керек негізі. Шетелдерде қандай екен? Меніңше ол қажет. Өте қажет. Біз болашақта кітапханашыларды жоғалтамыз ғой, мамандарды дайындамасақ. Кітапханашыларды дайындамасақ кітапты кім оқиды? Бұл да үлкен мәселе. Бұл мәселені ғылым министрлігімен ақылдасып, шешуге тырысамыз».
Айта кетсек, елімізде 2023-2024 оқу жылында кітапхана ісі мамандығына 100 грант бөлінген. Бұл көрсеткіш биыл да еш өзгеріссіз қалып, жаңа оқу жылына тағы 100 ғана грант бөлінген екен.