Шымкентте Қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтті. Жиында білім, құрылыс басқармалары мен Төтенше жағдайлар департаментінің жұмыстары және алдағы жоспарлары талқыланды. Қоғамдық кеңес мүшелері тасқын судың алдын алу мақсатында ирригациялық жүйелер құрылысын дамыту сынды бірқатар мәселелерді көтеріп, ұсыныстарын жеткізді.
«Шымкент қаласында төтенше жағдай орыналса, халықты алып шығатын жер жоқ!» Қоғамдық кеңес отырысында қалалық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы осылай деді. Сөзінше, қазір үшінші мегаполисте сейсмостанция құрылысы жүріп жатыр. Ал 10 өрт бөлімі бар Шымкент қаласына тағы 22 бөлім салыну қажет.
Бауыржан Әлтеев, Шымкент қалалық қоғамдық кеңес төрағасы: «Төтенше жағдай кезінде қаладан қалай кетеді? Қаланы жалпы көшіретін кезде қалай шығады? Соның жоспары бар ма?»
Қуанар Базарбаев, Шымкент қаласы ТЖД бастығы: «Жер сілкінісі кезінде 250 мың адамнан қаза табады екен. Біздің халықты алып шығатын жеріміз де жоқ. Соған қазір жер алып жатырмыз. Бәрін дайындап жатырмыз.
-Қысқаша біз бүгін дайын емеспіз?
-Иа, оған дайын емеспіз».
Қоғамдық кеңестің кезекті отырысында қалада бой көтеріп жатқан жайлы мектептердің құрылысы да сөз болды. Кеңес мүшесі Өмір Шыныбекұлы биыл пайдалануға берілетін жайлы мектеп саны бойынша ресми ақпарат беруді сұрады.
Өмір Шыныбекұлы, Шымкент қалалық қоғамдық кеңес мүшесі: «12-сі қыркүйек айына, яғни жаңа оқу жылына беріледі деп еді. Кейінгі кезде білім басқармасының сөзі өзгеріп қалды да, өткен аптада 9-ы беріледі деп жатыр. Қаншасы беріледі, қаншауы қыркүйекте, қаншауы жыл соңына дейін?»
Олжас Тәжібаев, Шымкент қалалық құрылыс басқармасының басшысы: «Тапсырыс беруші – «Samruk-Kazyna Construction» АҚ. Толық мердігер мекемені анықтау, техникалық авторлық қадағалаушыны анықтау, қаражаттың тиімді бөлінуі, орнына жетуі-жетпеуі бәріне жауапты. Шымкент қаласының әкімдігі, оның ішінде Білім басқармасы, құрылыс басқармасы қазіргі кезде жер қатынастары басқармасы тікелей қала әкімінің тапсырмасына байланысты толық барлық мектептің құрылысы тоқтамауына, проблемаларын шешуге, уақытылы бітуіне бүкіл күшімізді салып жатырмыз».
Отырыста білім, құрылыс басқармалары мен төтенше жағдайлар департаментінің атқарған жұмыстары және алдағы жоспарлары айтылды. Қоғамдық кеңес мүшелері қалада көпқабатты тұрғын үй құрылысының сапасын арттыру, кепілдік мерзімін ұзарту бағытында бірқатар ұсыныстарын айтты.