V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары 8–14 қыркүйек аралығында өтеді. Додаға дайындық қызу жүріп жатыр. 21 ұлттық спорт түрінен жарыс ұйымдастырылатын халықаралық додаға 2500-нан астам спортшы қатысады деп жоспарланып отыр. Сондықтан Шымкент қаласында көкпар спортынан төрешілерге арналған семинар өтті.
Бесінші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының басталуына 40 күннен аз уақыт қалды. Биыл айтулы шара 8–14 қыркүйек аралығында Астанада өтеді. Көшпенділер ойындары ұлттық спорт түрлерінен әлемдегі ең ірі жарыс саналады.
Ойындар үш бағыт, нақтырақ айтқанда, спорт, мәдениет және ғылым бойынша өтеді. Шараны өткізу үшін бірнеше нысан таңдалған. Олар: «Астана-Арена» стадионы, «Қазанат» ипподромы, Ж. Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайы, «Алау» мұз айдыны, «Qazaqstan» жеңіл атлетикалық спорт кешені, «Думан» кешені.
Ғани Ахметбаев, Көкпардан V дүниежүзілік көшпенділер ойындарының бас төрешісі: «Қайта көру мүмкіндігі жаңа ережеге кіріп отыр. Содан кейін дрон операторы, қосымша комментатордың қасында арнайы мамандар қызмет жасайды. Келіспеген жағдайда, додама жағдайда тоқтатып, дұрыс немесе дұрыс емес шешімдердің бәрін айта алатын үлкен мүмкіндіктеріміз бар».
«Қазанат» ипподромында және Этноауыл аумағында ат жарысы, дәстүрлі садақ ату және құстармен аң аулаудың ұлттық түрлері бойынша жарыстар өтеді. Жалпы дода ұлттық спорттың 21 түрінен өткізіледі. Сондай-ақ олар бойынша 100-ге жуық медаль жиынтығы ойнатылады.
Ойындар тізімінде, асық ату, Ордо, арқан тартыс, бәйге, көкпар, аударыспақ, теңге ілу, қазақ күресі, ашыртмалы аба гүреши, белбеу татар күресі, көкборуу бар. Жарыста 35 адам төреші төрелік етеді. Бүгін үшінші мегаполисте көкпар спортынан төрешілерге арналған семинар өтті.
Жалпы Дүниежүзілік көшпенділер ойындары алғаш рет 2014 жылы Қырғызстанда өтіп, кейінгі екі рет тағы 2016 және 2018 жылдары осы елде ұйымдастырылды. Ал 2022 жылы Түркияның Изник қаласында өтті.