Шымкенттің өлкетану музейі қайда ашылады?

423
Фото: Отырар.кз

Шымкенттің өлкетану музейі бола ма? Қазір қаладаға көшелерге жер-су атауларын беруге не себеп? Осы және тағы басқа сұрақтарға Шымкент қалалық мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының басшысы Бауыржан Орынтаев жауап берді.

Мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының биылғы бюджеті қандай?

Біздің басқарманың жылдық бюджетіне 13 млрд 607 млн теңге қаралған. Қазір мәдениет басқармасына қарасты 22 мекеме жұмыс істейді. 2300-ге жуық қызметкер бар. Олардың айлығына 4 млрд теңге кетеді. Бұдан бөлек, басқармаға қарасты жан басына шаққанда қаржыландыру үйірмелері жұмыс істейді. Оған қаралған қаржы – 3 млрд 900 млн. Қаладағы ауқымды іс-шараларды жүргізуге 417 млн теңге бағытталған. Бірақ елімізде болған төтенше жағдай – су тасқынына байланысты көптеген іс-шараны мәдениет басқармасына қарасты мекемелердің күшімен өткізіп, алдағы өткен сессияда 395 млн теңгені бюджетке қайтардық. Тағы өтетін іс-шаралар бар, соған жоспарланған қаражат бар. Бұл қаржы жыл соңына дейін игеріледі деп жоспарлап отырмыз.

1 ай бұрын Конгресс холл пайдалануға берілді. Сол жерде қажет мамандар жеткілікті ме?

Өздеріңізге белгілі, Президентіміздің тапсырмасына сәйкес, Конгресс холл ғимаратының құрылысы аяқталып, толықтай пайдалануға берілді. Сол жерде 2066 адамға арналған көрермен залы бар. 190 және 90 адамдық конференция залы бар. Мекеме директоры тағайындалды. Мәдениет басқармасына қарасты Түркістан сарайы концерттік ұйымы жұмыс істеген. Сол ұйымның барлық шығармашылық тобын біз Конгресс холлға жібердік. 98 адам сол жаққа ауысты. Біз наурыз айында 191 штатқа өтінім берген болатынбыз. Қазір соның 98-ін Түркістан сарайынан алдық. Алдағы уақытқа сессия болғанда тағы 136 штат бірлігін сұрадық. Сол жер үлкен мәдени мекеме болған соң 14 маусымда арнайы кастинг жарияладық. Эстрадалық, дәстүрлі әншілерді толықтырып және де үлкен ұлт аспаптар оркестрін құру жоспарымызда бар. Сол құрамға да қажет мамандарға кастинг жарияладық, нәтижесін әлі шығармадық. Қазір мамандар саралау жұмысын жүргізіп жатыр.

Шымкент қаласы аумағында орналасқан тарихи және мәдени ескерткіштерін қорғау мәселесі соңғы кезде жиі көтеріліп жүр. Бұған байланысты қандай жоспарлар бар?

2018 жылға дейін қала өзінің бөлек статусын алмады. 2018 жылдан бастап ескерткіштің көбі ескерусіз, елеусіз қалған. Біздің соңғы мәліметіміз бойынша, қаламызда 114 ескерткіш бар. Жыл басынан бері қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбектің тапсырмасы бойынша қалдағы ескерткіштерге түгендеу жұмысын жүргіздік. Монументтік өнер құрылысының саны 46 болып есептелсе, оның саны 126 болды деген сияқты. Осылайша санда өзгерістер пайда болған соң, мәслихат сессиясында ұсыныс бердік. Қазір оған 29 млн теңге қаржы қаралды. Мұның басты себебі – қаладағы барлық ескерткіштерге талдау жүргіземіз. Яғни санап шығып, жай-күйін анықтаймыз. Оның арасында республикалық тізімдегі ескерткіштер де, жергілікті тізімдегі ескерткіштер де бар. Біразында паспорты жоқ. Сол жұмыстарға арнайы қаржы қаралды. Қазір конкурстық жұмыс жүргізіліп жатыр. Сол аяқталған соң, арнайы мамандар қаламыздағы барлық ескерткішті, монументтік құрылыстарды зерделейді. Соның нәтижесіне қарап, арнайы жинақ шығарамыз деген жоспар бар. Бұл жұмысты жыл соңына дейін аяқтаймыз.

Басқармаға қарасты 6 кітапхана бар. Кітап сатып алуға қанша қаржы бөлінеді?

Биыл кітап сатып алуға 39 миллион теңге қаралған. Өзіңіз айтып отырған 6 кітапхананың ішінде көзі көрмейтін және әлсіз көретін арнайы кітапхана бар. Біздің мамандар жыл соңында кітапханаға келетін оқырмандардың ұсынысын ескере отырып, қажетті кітаптарға тапсырыс береді. Қаламыз мегаполис дәрежесін алғалы Түркістан облысынан 41 елдімекен қосылған. Сол елдімекендерде біздің кітапханалардың филиалдары жұмыс істейді. Қаладағы оқырмандардан гөрі елдімекендегі филиалға баратын оқырмандардың сұранысы көп. Осындай сұраныстарды ескере отырып, кітап сатып аларда өтінім беріледі.

Этноауыл жұмысы тоқтап тұр. Мұндағы мәселе неде жатыр? Неліктен шешілмейді?

Осыдан 3 жыл бұрын этноауыл пайдалануға берілген. Бұған дейін Шымқала тарихи-мәдени кешенінің теңгерімінде болды. Ал ол жердегі заттар қалалық Әдет-ғұрып және салат-дәстүр орталығының теңгерімінде еді. Жыл басында қала әкімі қаланы аралаған кезінде осы мәселеге зер салып, тапсырма берген болатын. Қазір этноауылдың жері мен заттарын Шымқала тарихи-мәдени кешенінің теңгеріміне бердік. Мемлекеттік акт алынып, құжаттама жұмыстары бітті. Шынын айту керек, қалаға келетін туристерді қабылдау мүмкіндігі өте төмен боп тұр. Сондықтан этноауылға арнайы жоба дайындап жатырмыз.

Қала тарихынан сыр шертетін музей жоқ. Шымқалада тарихиөлкетану музейі бола ма?

Шымқала тарихи-мәдени кешеніннен қазып алынған жәдігерлерді қоятын шағын музейіміз бар. Сол жерде 2018-2020 жылдар аралығында археологиялық қазба жұмыстары жүргізілді. Табылған жәдігерлерді әлі күнге дейін өзіміздің меншігімізге алған жоқпыз. Сол кезде жұмыс істеген арнайы археологиялық компаниялармен жұмыс істеп жатырмыз. Құқық қорғау органдарына бұл жайында хат жолдадық. Қазір археологиялық қазба жұмыстары жүргізілген кезде табылған жәдігерлерді іздестіріп жатырмыз.

Бізде саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу музейі бар. Жеңіс саябағында осы музейге қарасты Ерлік музейі бар және Абай саябағында «Хакім Абай» музейі бар. Сайрамда Шымқала тарихи-мәдени кешеніне қарасты тағы бір музейіміз бар. Енді біздің жоспарымыз – осы музейлерді орталықтандырып, біріктіру. Қазір сол жөнінде жұмыс басталды. Музейлерді орталықтандыру арқылы жұмыс істейтін мамандар санын қысқартып, басқа жұмысты дамытуды қолға аламыз. Және Шымқала тарихи-мәдени кешенінде осы уақытқа дейін құжаттандыру дұрыс жүргізілмеген. Қазір бұл жерге келушілер тегін кіреді. Алдағы уақытта шаруашылық мекеме ретінде ашып, орталықтандырылған музейлер құрамына кіргізіп, өзін-өзі қаржыландыратын мекемеге айналдырамыз деген жоспарымыз бар. Этноауыл мен Шымқала тарихи-мәдени кешеніне берілген 8,5 гектар жер бар. Осының ішіне музейді де кірістіру мәселесін жоспарлап отырмыз.

Қазір қала көшелеріндегі маңдайша, жарнама жазуыларының қатесін тексеру басталды. Бұл бағыттағы жұмыс басқарма қарамағына өтті ма?

Бізде маңдайшадағы жарнама жазуларының қатесін тексеруге биылға дейін мораторий болып келді. Қазір мораторий алынды. Біз енді Тл туралы заңға сәйкес мұны қолға аламыз. Жыл басында аудандармен меморандум жасап, арнайы комиссия құрдық. 5 ауданның әкім орынбасарларын комиссия құрамына енгіздік. Заң талабына сәйкес, біз қаланы аралау жұмысын бастап кеттік. Әрине, заңға сәйкес бірінше кезекте түсіндіреміз. Ескерту жасалады. Содан кейін қайталанған жағдайда айыппұл салынады. Қаладағы барлық жарнама, ескертпе, тақтайшалар толығымен назарымызда болады. Осыған дейін арнайы мониторинг топ 45-ке жуық жерді аралап тексеріп қойды.

Қала көшелеріне атау қандай ереже бойынша беріледі, қайталанған атауы бар көшелер бар ма?

Бұл – біздің басқармадағы үлкен өзекті мәселе. Қала статусын алғалы атауы идеологиялық тұрғыдан 398 ескірген көше бар, аты қайталанатын көшелер бар. Қазір 281 көшеде атау жоқ. 84 көшенің атауы қайталанады. Жыл басынан бері аудан әкімдіктерімен бірігіп, көшелерге талдау жасадық. Соңғы есебіміз бойынша қалада 3513 көше болса, соның ішінде атауы жоқ 281 көше мен атауы қайталатын 84 көшені комиссияда қарап, қоғамдық тыңдау өткізіп, республикалық ономастикалық комиссияға жолдадық. Ол жақта бұл мәселе қаралып жатыр. Ал көшеге атау беру мәселесі 3 бағытта жүреді. Біріншісі, тарихи тұлғалар тізімі. Екіншісі, жер су атаулары, үшіншісі, дәстүрлі атаулар. Осы кезге дейін тарихи тұлғалар тізімі 550 болса, қазір толықтырылып 600-ден асты. Дәстүрлі атау 400-ден, жер-су атауы да 500-ден асады. Бекітілген заңдылыққа сәйкес 3513 көшенің аты қайталанбауы керек.

Сұхбаттасқан — Жанерке ХУМАР