Төлеби: 3 жайлы мектептің құрылысы аяқталуға жақын

17
Фото: ТО әкімінің баспасөз қызметі

Төлеби ауданында 4 жайлы мектептің құрылысы жүріп жатыр. Оның үшеуі биылғы жаңа оқу жылында пайдалануға беріледі. Қазір мектептердің басшысы лауазымына конкурс жарияланған. Ал Бірінші мамыр ауылдық округіндегі 900 орындық мектеп құрылысы келер жылға өтпелі. 

Төлеби ауданы Қосағаш елдімекеніндегі 300 орындық жайлы мектептің құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Мұндағы құрылысқа жергілікті тұрғындар тартылған. Бейнекамералар орнатылып, жұмыс тиісті бақылауға алынған. Жалпы, өңірде «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы аясында жаңадан 3 мектептің құрылысы қарқынды жүргізілуде. Достық елді мекеніндегі 900 орындықты, Көксәйекте – 600 орындық, Қосағашта – 300 орындық білім ошағының құрылысы биылғы жылдың желтоқсан айына дейін аяқталып, пайдалануға беру жоспарлануда.

«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен іске асырылып жатыр. Ол ел бойынша апаттық мектептерді, үш ауысымды оқыту мен оқушы орындарының тапшылығы мәселесін жоюға бағытталған. Пилоттық жоба аясында Төле би ауданында жалпы саны 4 мектептің құрылысы жүріп жатыр. Олар: Бірінші Мамыр ауылдық округіндегі 900 орындық, Көксәйек ауылдық округі Көксәйек ауылындағы 600 орындық, Киелітас ауылдық округі Достық ауылындағы 900 орындық және Алатау ауылдық округі Қосағаш ауылындағы 300 орындық мектептер. Яғни, 2024 жылғы оқу жылында Төле би ауданында 5400 оқушы орны (екі ауысымда) ашылмақ», — делінген «Samruk-Kazyna Construction» АҚ баспасөз қызметі.

Бүгінгі таңда құрылысы аяқталуға жақын үш мектептің директоры лауазымына конкурс жарияланған. Ал мұғалімдерге байқау жақын арада жаряланатын болады. Жалпы жайлы мектептерге мұғалімдердің жартысы жақын маңдағы мектептерден тартылады деп жоспарланған. Нәтижесінде педагогикалық кадр мәселесі шешімін табады деп күтілуде.

Бақытғали Жақыпов, Төлеби аудандық білім бөлімінің бас маманы: «Білім беру басқармасы тарапынан осы үш мектептің басшы лауазымына конкурс жарияланды. Қазіргі кезде конкурс рәсімдері өтуде.Сонымен қатар мектепті педагогикалық кадрлармен және контингентпен қамтамасыз ету бағытында жұмыстар жүргізілуде. Атап айтар болсақ, Көксәйек елдімекенінде салынып жатқан 600 орындық жайлы мектепте, бірінші уақытта 450 бала барады деген болжам бар. Соған сәйкес 30 педагог қажет болады. Ол 30 педагогтың 15-і жанындағы Жеңіс, Дулати мектептерінен балалармен бірге ауысып барады деп күтілуде. Қалған 15 мұғалімнің лауазымына конкурс жарияланатын болады. Қосағаш ауылындағы жайлы мектепте 230 бала барады деп отырмыз. Оның басым бөлігі Қосағаш және Екпінді ауылының балалары болады. Соған сәйкесінше, Қосағаш мектебінің 9 мұғалімі мен Екпінді мектебінің 7-8 мұғалімі балалармен бірге ауысып барады. Және 9 мұғалімге конкурс жарияланып, педагогикалық кадр мәселесі шешімін табатын болады».

Мемлекет басшысы 2023 жылғы Республикалық педагогтер съезінде мектептегі орын тапшылығы мәселесіне баса назар аударды. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, демографияның өсу қарқыны білім беру жүйесіне үлкен салмақ түсіреді. Сондай-ақ, Президент білім беру үдерісін цифрландыру қарқынын жеделдету қажет екенін атап өтті. Өйткені цифрлық шешімдер озық педагогикалық тәжірибені тез әрі тиімді түрде кеңінен таратуға мүмкіндік береді. Сол арқылы, тіпті, шалғай аудандардағы оқушыларды еліміздің және әлемнің үздік ұстаздарының материалдарымен, сабақтарымен қамтамасыз етуге болады.

Ал Бірінші мамыр ауылдық округіндегі 900 орындық мектеп құрылысы келер жылға өтпелі. Айта кетейік, Төлеби ауданында бастауыш, негізгі, жалпы білім беретін 65 мектеп бар. Бұдан бөлек 3 арнайы мектеп жұмыс жасауда.