Төлебиде 300-ге жуық адамды жұмыспен қамтитын тігін фабрикасының құрылысы аяқталуға жақын

6
фото Отырар.кз

Төлеби ауданы Леңгір қаласында заманауи тігін фабрикасы салынып жатыр. 300-ге жуық адамды жұмыспен қамтитын мекеменің құрылысы қыркүйек айында аяқталып, пайдалануға беріледі деп жосарлануда. Бұйымдар шет елдерге экспортталады. 

Леңгір қаласында орналасқан «KazPlast» ЖШС кеңейіп жатыр. Бұған дейін 100-ден астамды жұмыспен қамтып келген тігін цехының жаңа әрі үлкен ғимараты жақын арада пайдалануға берілмек. Қарқынды жүріп жатқан құрылыс жұмыстары қыркүйек айына дейін аяқаталып, күзде жаңа нысан пайдалануға беріледі.

3 қабатты ғимаратта 300-ге жуық адам жұмыс істейді. Жаңа заманауи фабриканың өнімдері шет елдерге экспортқа шығарылады. Қазір барлық қажетті құрал-жабдықтар әкелініп жатыр. Мұндағы мамандар егер жұмыс күші көбейсе, өнімділік бірнеше есе артатынына сенімді.

Тігін фабрикасының құрылысы кестеден қалмай келе жатыр. Нысанға  инфрақұрылым желілері толықтай тартылған. Қазір құрылыстың екінші кезеңі жүріп жатыр. Егер жұмыс осы қарқынын жоғалтпаса, күзде ашылу салтанаты болады.

Жалпы биыл Леңгір қаласында кәсіпкерлік саласына 10 млрд 500 мың жоспарланған. 6 айда жоспардың жартысы орындалды дейді әкім орынбасары.

Жалпы Леңгір қаласында 600-ге жуық жұмыссыз тіркелген, бүгінде оның 300-ге жуығы тұрақты және уақытша жұмспен қамтылған. Жауаптылар жыл соңына дейін барлық жұмыссыз азаматқа екі қолға бір күрек тауып беруге тырысамыз дейді.

Биыл Төлеби ауданы бойынша 43 адам мемлекеттік грант алса, оның 19-ы Леңгір қаласының тұрғыны. Мамандар грант иелері жаңа салаларды қамтып жатқандарын айтады.

Бүгінгі таңда Леңгір қаласында көпқабатты үйлер, цех пен мейрамхана және ең бастысы мектеп құрылысы жүріп жатыр. Барлығы биыл жыл соңына дейін пайдалануға беріледі деп күтілуде. Жауаптылар, егер өндіріс орнын ашуға ниетті кәсіпкерлер табылса, тек қолдау білдіретінін жеткізді.