Тұран ауданында жаңа халыққа қызмет көрсету орталығы ашылды

25
фото Тұран ауданы халыққа қызмет көрсету орталығы

Тұран ауданында жаңа халыққа қызмет көрсету орталығы іске қосылды

Шымкент қаласының Тұран ауданында жаңа цифрлық ХҚКО қызмет көрсете бастады. Бұл – мегаполистегі сегізінші орталық. Мұнда тұрғындарға 1200-ден астам мемлекеттік қызмет көрсетіледі.

Цифрлық кеңсе заманауи құрылғылармен жабдықталған және мемлекеттік қызметтерді тез әрі ыңғайлы алу үшін аймақтарға бөлінген. Олар: ресепшн, дайын құжаттарды беру, жылдам қызмет көрсету аймағы, өзіне өзі қызмет көрсету, eOtinish арқылы өтініш беруге арналған орын және басқа да аймақтар.

«Бұған дейін Тұран ауданының тұрғындары мемлекеттік қызметтерді алу үшін басқа аудандардың ХҚКО-ларына баруға мәжбүр болған. Енді өз ауданына тиесілі орталыққа бара алады. Сонымен қатар, жаңа ХҚКО-ны ашу басқа да бөлімдердегі жұмыс көлемін азайтуға, көрсетілетін қызмет сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Жаңа орталықта 32 маман жұмыс істейді», – деді «Азаматтарға арналған үкімет» КЕ АҚ Шымкент қалалық филиалының директоры Айнұр Тобаева.

Айта кетейік, Шымкентте қазір 4 мамандандырылған ХҚКО және бір көші-қон қызметтерін көрсету орталығы жұмыс істейді. Барлық орталықта ерекше қажеттіліктері бар адамдарға арналған шақырту қоңыраулары мен жайлы пандустар қарастырылған.

Тұран аудандық ХҚКО Шымкент қаласы, Мәделі қожа көшесі, 1 «Г» мекенжайында орналасқан.