Түркістан: Үш ауысымды мектептердің мәселесі жыл соңына дейін шешіледі

24

Түркістанда облыс әкімі аппаратының апталық мәжілісі өтті. Жиында өңірдегі білім саласындағы мәселелер көтерілді. Мәселен облыстағы 4 мектеп апатты жағдайда тұр. Жаңа оқу жылына дейін бұл проблема шешімін таба ма?

Түркістан облысындағы 4 мектеп апатты деп танылып отыр. Сонымен қатар, тағы 5 білім ұясында оқушылар үш ауысыммен тәлім алады. Дегенмен жауаптылар қосымша ғимараттардың құрылысы қолға алынғанын, жыл соңына дейін пайдалануға берілетінін айтты. Ал апатты жағдайда тұрған мектептердің мәселесі биыл да толық шешімін таппайтын көрінеді.

Жандос Маханбетов, Түркістан облысы білім басқармасы басшысының м.а: «4 мектептің үшеуінің мәселесі 2024 жылы шешіледі. Ал қалған бір мектеп 2025 жылы жайлы мектеп жобасы аясында шешімін табатын болады»

Биыл өңірдегі 321 білім мекемесінде жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Оған бюджеттен 20 млрд. теңгеден астам қаржы бөлінген. Жандос Маханбетов қаралған қаражаттың қайда жұмсалып жатқанын айтып берді.

Жандос Маханбетов, Түркістан облысы білім басқармасы басшысының м.а: «Өңір басшысының тікелей қолдауымен биыл облыстағы 321 білім мекемесінде жөндеу жұмыстары жүруде, жалпы құны – 20,1 млрд. теңге. 22-сі – күрделі жөндеу жұмыстары болса, 193-і – ағымдағы жөндеу жұмыстары. Ағымдағы жөндеу жұмыстарына білім саласынан үнемделген бюджет қаржысы есебінен 10,2 млрд. теңге қаралған. 106 білім беру мекемесінің жылу жүйесін табиғи газға ауыстыру жұмыстары атқарылуда, оның жалпы құны – 2,2 млрд. теңге»

Түркістан облысы әкімі аппаратының апталық мәжілісінде білім саласындағы осы және өзге де түйткілді мәселелер талқыланды. Өңір басшысы Дархан Сатыбалды жауаптыларға жұмысты жаңа оқу жылына дейін аяқтауды тапсырды.

Дархан Сатыбалды, Түркістан облысының әкімі: «Жөндеу жүргізіліп жатқан мектептер 1 қыркүйекте толық дайын болуы тиіс. Құрылыс және жөндеу жұмыстарын тұрақты қадағалаңыздар. Мердігерлермен тиісті жұмыс жүргізілсін. Проблемасы бар нысандарды аудан, қала әкімдері де зерделеп, тұрақты бақылауға алсын. Жұмыстар уақтылы аяқталуы керек. Білім ұяларының қазандықтарын газға ауыстыру, қауіпсіздігін нығайту, оқушыларды оқулықпен қамту, тасымалдау, ыстық тамақпен қамту және өзге де жұмыстар сапалы атқарылсын»

Айта кетсек, облыста биылғы оқу жылында 910 мемлекеттік мектепте 482 мыңнан астам оқушы білім алмақ.