Түркістанда қоршаған ортаны бүлдіргендерге 171 млн. теңге айыппұл салды

7
фото ТО әкімінің баспасөз қызметі

Түркістанда қоршаған ортаны ластаған 12 мың адамға 171 млн. теңге айыппұл салынды. Бұл арнайы іс-шара аясында жүзеге асқан. Ал қазір өңір аумағын күл-қоқыстан арылту үшін сенбіліктер өтіп жатыр.

Түркістанда жыл басынан бері «Ортақ пайдаланылатын орындарды ластау» бабы бойыша 12 мыңнан аса адамға әкімшілік хаттама толтырылған. Айыппұл суммасы 171 млн теңгені құрайды. Ал жасыл желекті бүлдірген 4 мыңнан аса тұрғынға ескерту берілді. Мамандар қазір «Таза қазақстан» аясында тазалық сақтау шараларына белгілі спортшылар мен теологтарды қосып жатқанын айтады.

«Дін саласындағы танымал теологтар, имамдар әлеуметтік парақшасынад үндеу жасап, видео салып жатыр. Өйткені бұл маңызды жұмыс. Спорт саласында да үндеу жұмысы жүргізілді. Атап айтқанда, облысымызда 8 танымал спортшы мен 118 жаттықтырушы әлеуметтік желісінде жариялады. Сонымен қатар барлық басқармаларға көрсеткіштер белгіленіп берілді», — дейді ТО әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов.

Облыс аумағын күл-қоқыстан арылту, абаттандыру жұмыстары жалғасып жатыр. Алайда өңір басшысы әлі де тазалыққа мән бермей келе жатқан аудандарды сынға алды.

«Барлық аудан, қала берілген тапсырманы жасасын. Арнайы осы «Таза қала» бойынша, «Таза Қазақстан» бойынша әр апта сайын бір мақсат қойып отырыңыздар. Егер де мектеп басшысы мекеменің тазалығына қарай алмайтын болса, дұрыстап күтіп ұстай алмаса, ондай не керегі бар? Ондай басшы шара көру керек. Басқа амал жоқ. Аудан әкімдері микроавтобусқа отырып, арыласын. Аудан орталықтарын, ауыл округтерін, әкімдер өз ауылдарын бақылауына алсын», — дейді Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды.

Түркістанға қарасты 807 ауыл бар. Өткен аптада оның 64-інде сенбілік өтті. Оған 181 632 тұрғын қатысып, 132 техника жұлдырылып, 717 тонна қоқыс шығарылды.