Енді шұбат ішу үшін түйе сауып отырудың қажеті жоқ. Түркістанда ұлттық сусын ұнтақ түрінде өндіріліп жатыр. Дайын құтыдағы өнімді алып кез-келген уақытта дайындап, тұтынсаңыз болады. Мұндай дайын ұнтақ тіпті шетелге де экспортталып жатыр.
Түркістанда шұбат ұнтақ түрінде өндіріліп жатыр. Бұл кәсіпорында күніне 10-15 тонна түйе сүті өңделіп, 1 тонна ұнтақ жасалады. Ал негізінде өндірістік нысанның әлеуеті тәулігіне ұлттық сусынның 100 тоннасын қабылдауға қауһарлы.
Шолпан Ерболат, сату бөлімінің басшысы:
«Зауыт іске қосылғаннан бері қазірге дейін 200 тоннадан астам құрғақ ұнтақ өнімін өндіріп шығарды. Кептірілген түйе сүті ұнтағын Қытай, Макао және Гонконгқа экспорттап жатырмын. Қазіргі таңда біз түйе сүтінен 3 түрлі өнім шығарамыз. Оның біріншісі – майсыздандырылмаған түйе сүті ұнтағы. Екіншісі – аз мөлшерде майсыздандырылған түйе сүті ұнтағы. Үшіншісі – майлы түйе сүті ұнтағы – кәдімгі бір рет қолданатын кофе сияқты. Яғни кішкентай пакеттегі 15 граммдық. Ал қалған екеуі де 300 граммнан»
300 граммдық құтыдағы ұнтақтан 3,5 литр шұбат шығады. Зауыт дайын өнімді енді Ресей мен Еуропаға да экспорттауды жоспарлап отыр. Бүгінде өңірдегі Ойсылқара тұқымының саны 50 мыңға жуықтаған. Оның жартысына жуығы сауылады. Биыл облыстағы түйе сүтін қабылдайтын 5 бекет және 3 қайта өңдеу цехынан 800 тоннаға жуық шұбат өндірілген. Оның басым бөлігін осы зауыт сатып алған екен.
Абзал Құттыбаев, ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы:
«Өздерінің сүт жинайтын пункттерін қойып, қазір түйе сүтін 800-1000 теңгеден қабылдап жатыр. 2023 жылы мал шаруашылығын субсидиялау, оның ішінде түйе сүтінің құнын арзандату мақсатында 309 млн теңге қаралып, 30 ауыл шаруашылығы тауарын өндірушіге мемлекеттік қолдау көрсетілді».
Айтып отырған бұл зауыт — Түркістан индустриалды аймағында орналасқан. Орталық Азияда теңдесі жоқ жоба 2018 жылы өз жұмысын бастаған еді. Алып өңдеу кешені соңғы үлгідегі заманауи құралдармен жабдықталған.
Хы Жы Чиян, өндірістік цех басшысы :
«Өңірдегі түйе шаруашылықтарынан жиналған сүт алдымен осы өңдеу цехына жеткізіледі. Осы жерде құрамы мен майлылығы тексеріліп, сүзгіден өтеді. Арнайы қондырғымен тазаланып, залалсыздандырылады. Ең соңында біз таза сүтті келесі өндірістік цехқа жіберіп, ұнтақ етіп шығаруға дайындаймыз. Бәрі автоматты жүйе арқылы басқарылады»
Мамандар өңірде соңғы кезде түйе шаруашылығына қызығушылықтың артқананын айтады. Мәселен, былтыр «Ауыл аманаты» жобасы аясында 23 жоба қаржыландырылып, Ақтөбе мен Маңғыстау облыстарынан түйе алынған.