Түркістандағы «Достық үйінің» құрылысы күзде толық аяқталады

17
Фото: ТО әкімінің баспасөз қызметі

Түркістан облысында екі жылда 63 «Жайлы мектеп» салынады. Оның 29-ы биыл тапсырылады деп жоспарланған. Нәтижесінде 22 900 оқушы орны ашылады. Сондай-ақ, ел Президентінің тапсырмасына сәйкес, Түркістан қаласында «Достық үйі» ғимаратының құрылысы жүріп жатыр. Нысан жұмыстары күзде толық аяқталады деп жоспарланып отыр.

Түркістанда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес «Достық үйі» ғимаратының құрылысы жүріп жатыр. Нысанның кірпіші қаланып, сыртқы инженерлік желілері толық жүргізілген. Жаңа үлгідегі «Достық үйі» ғимаратының жалпы алаңы – 3912,29 шаршы метр. Жаңа ғимараттың құрылысы биыл күзде толық аяқталады деп жоспарланған. Жоба бойынша нысан төрт қабаттан тұрады және құрамында мәжіліс залы, этнос өкілдерінің орталықтары орналасады. Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметіне байланысты тақырыптық ішкі әрлеу жүргізіліп, қажетті экспонаттар қойылмақ.

«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Түркістан облысында 63 нысан салынады. 29 мектептің құрылысы 2023 жылы басталып, биыл аяқталады. Тағы 34 білім ұясын келесі жылы қолданысқа тапсыру көзделіп отыр. Бұл бір кезекте 49 мың оқушы орнын ашуға мүмкіндік береді. Оның 22 900 орны биыл пайда болады. Облыс әкімі Түркістандағы «Жаңа қала» аумағында салынып жатқан «Жайлы мектептің» құрылысын қадағалады.

Білім ұясы биыл күзде тапсырылады. Нысан құрылысы қарқынды жүріп жатыр.

«Қазір жалпы Түркістан облысы бойынша 29 мектептің құрылысы белсенді жүргізілуде. Оның ішінде 29 білім ошағы оқушыларын қыркүйекте қабылдамақ. Қазір нысандардың қаңқасы тұрғызылып, қасбетін қаптау, ішін әрлеу жұмыстары атқарылып жатыр. Сондай-ақ инженерлік инфрақұрылым тартылуда. Мердігер ұйымдар тарапынан жұмысты кешіктіру фактілері жоқ. Шаруа бекітілген жоспарға сай жүргізіліп жатыр. Мектептердің құрылысына 2000-нан астам адам тартылған», — делінген «Samruk-Kazyna Construction» АҚ баспасөз қызметінің хабарламасында.

Облыс әкімі нысанның сапасына баса мән беруді және ғимаратты уақтылы тапсыру керек екенін айтып, мердігерге нақты тапсырмалар берді.