Кең-баба саябағы мемлекет меншігіне қайтарылып жатыр. Нысан 1999 жылы жеке кәсіпкерге жалға берілген. Алайда бастапқы келісімшарт бірнеше рет өзгеріп, тіпті демалыс орнының жер телімі сатылып та кеткен екен. Сондықтан жауапты департамент сотқа жүгінген.
Кең-баба демалыс аймағы мемлекет меншігіне қайтарылып жатыр. 4 гектарға жуық жер 1999 жылы жергілікті кәсіпкерге жалға берілген. Алайда оның 1,3 гектары 2008 жылға дейін сатылып кеткен көрінеді. Одан кейін келісімшарт бірнеше рет өзгеріске еніп, алғашқы жер телімі тіпті бірнеше бөлікке бөлініп кетіпті. Ал 2020 жылы мекеме банкроттық жариялап, уақытша алған саябақты биыл екінші тарапқа саудалаған. Олқылықты анықтаған мамандар сотқа арыз беріпті.
«Негізі Кең-баба 15 жылға жалға берілген. Алған кезде міндеттемелері болған. Онда балаларды дамыту орталықтары болу керек еді. Ағаштарды кесіп, бетон құйған деген дерек бар. Жалға беру уақыты өтуіне байланысты, сонымен қатар шарттардың дұрыс орындалмауына байланысты 2024 жылғы 30 сәуірдегі сот шешімімен саябақ жерін мемлекетке қайтару бойынша арыз қанағаттандырылды», — дейді Шымкент қаласының сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқарма басшысының орынбасары Арман Әбдешов.
Мамандар саябақ аумағы «жасыл аймақ» статусында екенін айтады. Алайда кәсіпкер аттракцион орнату үшін ағаштарды қиып тастаған дейді. Сонымен қатар, келісім шартта көрсетілген талаптар орындалмауына байланысты қазір мемлекетке қайтару жұмысы жүріп жатыр. Ал қала тұрғындары нысанның мемлекет меншігіне қайтуы құптарлық жағдай дейді. Пікір білдіргендер арасында саябақ сапалы жөндеу-жаңғырту жұмыстарын жүргізуге сұранып-ақ тұр дегендер де бар.
«Балаларымды жиі әкеліп тұрамын. Бәрі сол күйі тұр. Ойын аттракциондары ескі. Негізі жақсы реканструкция жасау керек. Мұнда аққу жүруші еді. Ол да жоқ. Мемлекетке өтсе, күтім жасалатын шығар».
«Жақсы. Мен осы жақын жерде тұрамын. Сондықтан жиі келеміз. Бұрындары нашар еді. Қазір жақсы, басшылығы жақсы қарап жаты. Бара-бара жақсы болып келе жатыр».
«Мемлекетке өтсе жағдайы жақсарады деп ойлаймын. Себебі қазір балаларға қауіпсіз емес. Бірдеңе болса мұнда жауап беретін ешкім жоқ. Сондықтан мемлекет алғанын құптаймын».
«Өте жиі келемін. Өзіміз келетін едік. Қазір балаларымызды алып келеміз. Ақшасы да қалтаға қонымды. Жақсы қырып қайтамыз. Мемлекетке өтсе, бұрынғы аққуларды әкелсе екен. Соны көруге көп кетеді адамдар», — дейді қала тұрғындары.
Жекешелендіруге өтудегі негізді мақсат балаларға арналған оңалту орталықтарын ашу болған. Алайда демалыс орнында осы күнге дейін тек коммерциялық нысандар бой көтерген. Сондықтан экономикалық сот шешімімен бұған дейін жасалған сату-сатып алу шарты жарамсыз деп танылды.