№3 аурухананың дәрігерлері жүйке жүйесі ауруынан жүре алмай қалған 74 жастағы науқасты аяққа тұрғызды

64
фото ӘМСҚ шымкент филиалы баспасөз қызметі

 

Шымкент қалалық №3 аурухананың дәрігерлері жүйке жүйесі ауруынан жүре алмай қалған 74 жастағы науқасты аяққа тұрғызды. Зейнеткер ауыр дерттің салдарынан қайта сауығудан күдер үзген. Үздіксіз емнің нәтижесі ақ желеңділер мен қарияның ортақ жеңісі болып отыр.

Бүгінгі таңда жүйке жүйесі ауруы үздіксіз медициналық көмек пен оңалту шараларын талап ететін күрделі дерттің бірі саналады. Әсіресе созылмалы ми қан тамырларының ауруы, эпилепсия, Паркинсон ауруы, инсульт, дисциркуляторлық энцефалопатия сынды ауру түрлері кең тараған.

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде бұл ауруға шалдыққан науқастарды емдеу мәселесіне ерекше көңіл бөлінген. Медициналық көмектің басым көпшілігі МӘМС есебінен қаржыландырылады.

Мәселен, Шымкент қалалық №3 аурухананың жүйке бөлімінде жыл басынан бері 1000-нан астам адам стационарлық ем қабылдаған. Олардың 70 пайыздан астамы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберінде емделген. Меңгерушісі Гүлжахан Бердалиеваның жетекшілігімен талай жанның дертіне дауа дарытқан бөлімнің медициналық көмек пен қызмет көрсету деңгейлері жоғары сұранысқа ие. Науқастар тіркелген емханаларынан жолдаманы осы ауруханаға беруді жиі өтінеді. Оның сыры – жүйке бөлімі қызметкерлерінің ерекше мейірім, қамқорлығында көрінеді.

Жалпы МӘМС шеңберінде сақтандырылған азаматтарға тіркелген емханасы бойынша жоғары технологиялы медициналық көмек, профилактикалық тексерулер мен оңалту шаралары, консультациялық-диагностикалық қызметтер мен есепте тұрған науқастарға дәрі-дәрмектер қолжетімді. Қаладағы медициналық мекемелерде былтыр 120 мыңға жуық науқас стационарлық жағдайда емделген. Оның ішінде 100 мыңға жуығы МӘМС қаражаты есебінен ем қабылдады.