7 мыңға жуық азамат тұрғын үй кезегінен алынды. Мамандар 2023 жылдың қыркүйегінен бері 51 мыңнан аса адамға тексеру жүргізген. Нәтижесінде баспанасын күткендердің кезегі жаңарды.
Жалғызбасты ана Бағила Алтынбекова араға 13 жыл салып баспанаға ие болды. Талай жыл уақытын ұстаздыққа арнаған ол 2011 жылы кезекке тұрған. Алайда 1 ғана баласының болуына байланысты, үй алу уақыты кейінге шегіріліпті. Осыған дейін жалдамалы пәтерде тұрған ол, енді өз шаңырағына кіргеніне қуанышты.
«Төбеміз көкке жетіп жатыр. 1 бөлме болса да, 13 жыл бойы әр жерде жалдамалы пәтерде тұрып, әбден қысылып, қиналған адаммын. Қуаныштан, жөндеу жұмысын да бастап жатырмын. Құдай қаласы 2-3 күнде көшіп келемін. Мен өзім кілтпен ашқан кездегі сезімды айтып жеткізе алмаймын. Қуаныштымын. Өзімнің үйім, өзімнің кілтім, өзімнің есігім бар енді», — дейді Шымкент қаласының тұрғыны Бағила Алтынбекова.
7 ай ішінде дәл осындай үй 112 адамға берілді. Ал жыл соңына дейін 1000 тұрғын баспаналы болады деген жоспар бар. Оның ішінде:
449 – халықтың әлеуметтік әлсіз тобына кіретін тұрғындар;
351 – көпбалалы отбасы;
200-жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар.
Үшінші мегаполисте былтыр үй кезегінде тұрған азаматтар саны 51 мыңнан асатын. Жоспарлы мониторинг барысында оның 7 мыңға жуығы тізімнен шығарылды. Олардың бірі өздері үй сатып алса, енді бірі басқа өңірге қоныс аударған. Ал өрескел ереже бұзып, жалған құжат тапсыру дерегі тіркелмепті.
«Министрлік тарапынан жіберілген текст бойынша Шымкент қаласында 6814 азамат тізімнен шығарылды. Әр түрлі себептері бар. Оның ішінде басқа жаққа қоныс аударғаны бар, өз еркімен тұрғын үй алып, тіркелген азаматтар немесе санаттарын жоғалтқан азаматтар ҚР Тұрғын үй қатынастары заңының талаптарына сай тізімнен шығарылды», — дейді Шымкент қаласы тұрғын үй басқармасының бөлім басшысы Жұлдызай Ордабекова.
Министрліктің мәліметіне сәйкес, елімізде тұрғын үй кезегінен 300 мыңға жуық азамат алынуы мүмкін. Дәл сол сияқты тағы 34 мың тұрғынды тізімнен алу туралы шешім қабылданып қойған.