«Әнім сен едің»: Шәмші әндері Шымкент аспанын әнмен тербеді

31
Фото: Отырар.кз

Ұлы композитор Шәмші Қалдаяқовтың туған күніне орай ашық аспан астында гала-концерт өтті. Онда қала тұрғыны мен қонақтары назарына жергілікті мәдениет қызметкерлері талантты сазгердің туындыларын ұсынды.

Біртума талант иесі, композитор Шәмші Қалдаяқовтың туған күніне орай ұйымдастырылған концерттің шымылдығы ана туралы жырмен ашылды. Мерекелік кеште сазгердің төл туындылары орындалып, шымкент аспанын әсем әуен тербеді.

Ашық аспан астында өткен шараға келушілердің қарасы қалың. Тіпті композитордың жерлестері, Шәуілдірлік тұрғындар да арнайы ат басын бұрыпты.

«Шәмші ағаның концерттері өте керемет. Біз Шәмші ауылынанбыз. Өте керемет өтіп жатыр. Шәмші ағамыздың әні қалықтай берсін. Жас кезімізде Шәмші ағаны көретінбіз. Өте қарапайым кісі еді», — дейді Шәмші ауылының тұрғыны Дүйсенбек Кенжеқұлов.

«Әнім сен едің» гала-концертінде Қазақ музыкасының падишасы Шәмші Қалдаяқовтің 10-нан аса әні шырқалды. Өңірімізге танымал өнерпаздар ұлы композитордың туындысын осындай меркелік кеште орындау үлкен құрмет дейді.

«Әннің королі, вальс королі Шәмші атамыздың керемет кеші өтіп жатыр. Бүгін ерекше әндердің бірі «Кешікпей келем деп ең» әнін орындадым. Керемет кеш болды. Бұл сахнада 4 рет өнер көрсетіппін. Оның бәрінде де Шәмші атамыздың әндерін орындаппын. Ән жасай берсін», — дейді әнші Астана Қарғабай.

«Шәмші Қалдаяқов атамыздың туған күніне орай осындай «Әнім сен едің» атты концерт өтіп жатыр. Мен бүгін «Дүнген қызын» орындадым. Керемет кеш болып жатыр», — дейді әнші Қуаныш Әбдіжаппар.

Қала тұрғындары ашық алаңқайда ұйымдастырылатын сазгердің еске алу кештерін сағынған сыңайлы. Шәмшінің әніне балқыған кей тұрғын көзіне жас алса, енді бірі керемет әсер алғанын айтады.

Бұған дейін Шәмші Қалдаяқовтің туған күні қарсаңында фестиваль өткізіліп, үздік өнерпаздар марапатталатын. Мамандар биыл елімізде орын алған төтенше жағдайға байланысты қаражатты қысқартқанын айтады. Сондықтан ашық аспан астында концерт өткізуді жөн көрдік дейді жауаптылар.

«Әнім сен едің» концертін өткізудегі мақсатымыз — қазақ әнінің королі, ұлы сазгер Шәмші Қалдаяқовтың өнерін, шығармашылығын насихаттау. Жыл сайын  фестиваль ретінде өтетін. Әншілерге түрлі сыйлықтар беретінбіз. Ал биыл еліміздегі болған жағдайға байланысты бөлінген қаражатты қайта қайтардық. Сондықтан концерт ретінде өтіп жатырмыз. Бірақ біздің іс-шара одан да жоғары дәрежеде, гала-концерт ретінде өтіп жатыр», — дейді Мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасы басшысының орынбасары Мөлдір Оңдасынова.

1 жарым сағатқа созылған гала-концертте оркестрдің сүйемелдеуімен ән де шырқалды, би де биленді.