Антифрод-орталығы алаяқтық әрекеттермен байланысты 30 млн. теңгеге жуық қаражатты бұғаттады

33
фото fingramota.kz

 

Ұлттық Банк Алаяқтыққа тән транзакциялар бойынша дерек алмасу орталығының өндірістік пайдалануға берілгенін хабарлайды. Жоба құқық қорғау органдарымен және қаржы нарығына қатысушылармен бірлесіп іске асырылды.

Антифрод-орталығы алаяқтық белгісі бар операцияларға қарсы әрекет ету үшін
құрылған. Қаржы ұйымдарына алаяқтыққа тән операцияларды анықтауға және бұғаттауға, алаяқтық белгісі бар операцияларға жедел әрекет етуге, оның қатысушылары арасында нақты уақыт режимінде ақпарат алмасуға да мүмкіндік береді. Антифрод-орталықтың жұмысы алаяқтық операциялар бойынша бірыңғай деректер базасын жүргізуді де көздейді.

Платформа іске қосылған сәттен бастап қаржы ұйымдары мен құқық қорғау
органдары алаяқтық операциялар бойынша 400-ге жуық фактіні анықтады және алаяқтық әрекеттермен байланысты 30 миллион теңгеге жуық қаражатты бұғаттады.

Антифрод-орталығы ашық бағдарламалық интерфейстер (API) мен бизнеспроцестерді автоматтандыру арқылы одан әрі дамып, технологиялық функционалдылықты
кеңейте түседі. Күдікті транзакцияларды анықтау тиімділігін арттыру үшін жасанды
интеллект технологияларын қолдану да жоспарда бар.

Ұлттық Банк, сондай-ақ, ықтимал алаяқтық әрекеттердің алдын алу үшін Антифродорталықтың қызметкерлері мен өкілдері ақпарат жинау немесе қандай да бір операция жүргізу мақсатында ешуақытта жеке тұлғаға қоңырау шалмайтынын хабарлайды.

Антифрод-орталық өз қызметі аясында жеке тұлғалармен өзара байланыс
орнатпайды, тек қаржы, төлем ұйымдарымен, құқық қорғау органдарымен және ұялы
байланыс операторларымен жұмыс істейді. Осыған байланысты азаматтарды қырағы
болуға және Антифрод-орталығы атынан деп қоңырау шалуы мүмкін алаяқтардың
әрекетін елемеуге шақырамыз.