Қоғамдық көліктерде тегін жүретіндер үшін жағымды жаңалық. Әлеуметтік статусы бар тұлғалар енді жол ақысын төлеу картасын қолына алып жүрмей-ақ, мобильді қосымшада көрсете алады. Бірақ оның да өз шарттары бар.
1 қыркүйектен бастап қоғамдық көліктерде тексеру жұмысы қатаңдайды. Сол себепті 4 курс студенті Руслан Халықбай автобуста жеңілдікпен жүруге арналған картаны шығарып алуға келіпті. Ол жыл сайын қоғамдық көлікте жүру жеңілдеп келе жатқынын айтады.
«Жаңадан осындай Avtobys жүйесі шаққын екен. Осыны алдын ала келіп алып жатырмын. Мұны алмасақ айыппұл салады екен. Сондықтан келіп алдым», — дейді Шымкент қаласының тұрғыны Руслан Халықбай.
Қалада қазір қоғамдық көлік ақысын 2 жүйе арқылы төлеуге мүмкіндік бар. Бұған дейін әлеуметтік топқа енген, жол қаражатын мемлекет төлейтін тұлғалар арнайы статусты анықтайтын картаны өзімен алып жүруі керек еді. Енді ол мобилді қосымшада қолжетімді. Яғни, тұрғындар жеңілдік иесі екенін қалта телефонға енгізген жоба арқылы көрсете алады.
«Avtobys мобильді қосымшасында вертуалды жеңілдікті тарифін қосу процессті экологиялық таза, ыңғайлы және заманауи етеді. Осы виртуалды тариф қызметін қосу арқылы тұрғындар жеңілдігін өзінің мобильді қосымшасы арқылы пайдалана алады. Avtobys жүйесін жүктеп алып, біздің нүктелерге келсе, телефонын тіркеп береді. Картаны сатып алмай-ақ сол жүйені қолдануға мүмкіндік береміз», — дейді «Smart mobility» компаниясының директоры Жомарт Қамидолллин.
Ал, мобилді қосымшаға жеке дерегіңізді енгізу үшін бірнеше құжат қажет болады. Атап айтқанда:
1. Жеке куәліктің түпнұсқасы;
2. Шымкент қаласының жергiлiктi атқарушы органының мөрi басылған жәрдемақы алғанын растайтын құжаттың көшiрмесi;
3. 1 дана 3х4 көлеміндегі фотосурет.
Жаңа оқуы жылының басталуына да аз уақыт қалды. Ол кезде студенттер мен оқушылар легі көбейеді. Мамандар тексерістің қатаңдайтынын жеткізді. Егер жолаушылар өзімен бірге жеңілдік картасын алып жүрмеген жағдайда, 2 АЕК көлемінде айыппұл салынады.
«Биылғы жылдың 1 мамырынан бастап, қаламызда 14 санатқа кіретін тұрғындар тегін жүреді. Оның ішінде мектеп оқушылары, 70 жастан асқан зейнеткерлер, 1-2 топ мүгедектері, тыл ардагерлері бар. Ендігі кезекте 1 қыркүйектен бастап, тегін санаттағы азаматтар өздерімен карталарын алып жүруге міндетті. Сондықтан алдын ала карталарды жасатып, сол карталар арқылы тегін жүре алады», — дейді Шымкент қаласының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының баспасөз хатшысы Алтынай Нұрғали.
Қазір қаламызда 320 мыңға жуық жеңілдік алған тұрғын бар. Олар қоғамдық көлікте тегін жүру мүмкіндігіне ие. Ал қала халқы жаңадан енгізіліп жатқан жобаға байланысты әр түрлі пікірде.
«Бізге QR-код арқылы төлеу ыңғайлы».
«Картамен төлеген ыңғайлы мен үшін».
«Студентпін менде карта бар. Онлайн туралы естімеппін. Қазір картамен төлеп жүрмін».
«Балаларым карта ұстап жүрген. Сол ыңғайлы кішкентайларға. Бір адамда телефон бар, бір адамда телефон жоқ. Ал қыздарымның картасы қашан да өзімен бірге жүреді», — дейді қала тұрғындары.
Айта кетейік, шым шаһарда 79 бағыт бойынша мыңға тарта көлік тұрғындарды тасымалдайды. Қазір бәріне автобус жүйесі орнатылып жатыр. Ал мобильді қосымшаны баптау үшін Тұран, Қаратау, Абай ауданы әкімдігі ғимаратына барсаңыз болды.