Басқарма басшысы қаладағы электр трансформаторлары тозғанын мәлімдеді

25

«Қаламыздағы трансформаторлар тозған, сапасыз». Осылай деген энергетика басқармасының басшысы оларды ауыстыру қажет екенін айтады. Ал сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департамент өкілдері 5 аудан әкімдігі көше жарығын орнату бойынша бірнеше млрд теңгені құрайтын сатып алудан бас тартқан көрінеді. 

«Электр трансформаторлары мен кабельдер тозған. Сол себептен де қаланы электр жарығымен қамту көрсеткіші 99 пайызды құраса да, сапасыз». Бұл туралы инфрақұрылымды дамыту басқармасының басшысы мәлімдеді. Ол мәселені шешу үшін, құрал-жабдықтарды ауыстыру керектігін айтады.

Рзабек Меңдіқұлов, Шымкент қаласының энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының басшысы: «Біз тұрғындарға да айтамыз, жалпы біздің трансформаторлар, кабельдеріміз тозған. Оны жаңғырту керек, ауыстыру керек. Сол себептен көрсеткішіміз 99 пайыз болса да, бірақ өте сапасыз».

Ал қаланың 5 аудан әкімдігі 3,4 млрд. теңгеге көше жарығын орнату бойынша сатып алудан бас тартқан. Нәтижесінде 2,5 млрд. теңге бюджетке қайтарылған. Ал оған себеп — сатып алудың негізсіз тәсілі мен жеткізушілерге қойылатын жоғары талаптар. Бұл туралы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің өкілі мәлімдеді.

«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет қылмыстық құқық бұзушылықтар мен аса ауыр зардаптардың алдын алу мақсатында әкімшілік практикаға ерекше назар аударады. Жыл басынан бері 8 тұлға сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылықтар үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оларға 4 млн-нан астам айыппұл салынды», деді ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Шымкент қаласы бойынша департаменті басшысының м.а. Рүстем Танабаев.

Жалпы Шымкентте 4000-нан аса көше болса, оның тек 918-і жарықтандырылған. Әлі үш мыңнан астам көше жарықпен қамтылмаған. Биыл әкімдік тарапынан мың көшеге, ал басқарма үш жүз көшеге жарық жүргізуді жоспарлап отыр.