Шымкент қаласының Абай ауданының биылғы бюджеті қанша? Халық қатысатын бюджет жобасы ауданда қалай жүзеге асырылып жатыр? Осы және басқа да сұрақтарға Шымкент қаласы Абай ауданы әкімінің орынбасары Гүлнұр Асылбекова жауап берді.
— Абай ауданында қандай өзекті мәселелер бар?
— Абай ауданында 12 негізгі мәселе бар. Бұл мәселелер тек аудан деңгейінде емес, қалалық басқармалардың қатысуымен шешіледі. Біздің міндетіміз — осы мәселелердің тез арада шешілуі үшін жауапты басқармаларға шығып, жылдам шешуге атсалысу. Мәселелердің қатарында газдандыру, кәріз жүйесін жүргізу және жол төсеу, сонымен бірге интернет мәселесі де бар. Мобильді байланыс бойынша да көп шағым түседі. Бұл мәселені аудан әкімдігі өз бетінше шеше алмайды, сондықтан жауапты басқармалармен хабарласып отырамыз. Мысалы, интернет бойынша цифрландыру басқармасына жүгінеміз. Қазір жеке кәсіпкерлерді тарта отырып, байланыс мәселесін шешуге тырысып жатырмыз. Әрине, бұл барлық мәселені толық шешпейді, бірақ жағдайды біршама жақсартады.
— Қала әкімінің Абай ауданы тұрғындарымен кездесуінде басқа кездесулермен салыстырғанда көп шағым айтылды. Аудандағы негізгі мәселелерге тоқтала аласыз ба?
— Тұрғындар тарапынан көтерілген негізгі мәселелер — көшелерге асфальт төсеу, жарықтандыру және табиғи газбен қамту болды. Біздің ауданда табиғи газбен қамту көрсеткіші 85,2%. Бұл мәселе аудан әкімдігі мен қала басшылығының күнделікті бақылауында. Қазір Қайнарбұлақ саяжайын газға қосу үшін құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл жұмысқа тапсырыс беруші — қалалық энергетика басқармасы, жоба республикалық бюджет есебінен қаржыландырылып жатыр. Егер Қайнарбұлақ саяжайы табиғи газбен қамтылса, көрсеткішіміз айтарлықтай өседі. Ауданымызда Қайнарбұлақ, Тәуелсіздікке 20 жыл, Ынтымақ сынды 3 елдімекен әлі де газбен қамтылмаған. Бұл жұмыс энергетика басқармасының жоспарына сәйкес кезең-кезеңімен іске асырылады.
Көшелерге асфальт төсеу мәселесіне келсек, ауданда 27 елдімекен бар, олардың басым көпшілігі қала мегаполис мәртебесін алған кезде облыстың ауылдық елдімекендерінен қосылған. Қазір асфальт төселген көшелердің үлесі 50%-ды құрайды. 1274 көше болса, соның жартысы асфальтталған. Осы мәселені шешу үшін жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына ұсыныстар енгізіп отырамыз. Алдымен жобалау-сметалық құжаттар дайындалады, содан кейін бұл құжат мемлекеттік сараптамадан өткізіледі. Рәсімдеу жұмысының ұзақтығына байланысты барлық көшеге бір жылда асфальт төсеу мүмкін емес. Дегенмен, осы бағыттағы жұмысқа қалалық бюджеттен 4,4 млрд. теңге бөлініп, 74 көшеге, яғни 61 шақырым жолға асфальт төселіп жатыр. Әкімнің аудан тұрғындарымен кездесу барысында көптеген ұсыныс айтылып, тапсырмалар берілді. Асфальтты инфрақұрылымы толық жүргізілген көшелерге төсеу қажеттілігіне назар аударғым келеді, себебі газ, ауыз су, кәріз жүйесі құбырлары тартылмай жатып жол төселсе, кейінірек осы жұмыстарды жүргізу үшін жолды қайта қопаруға тура келеді. Бұл екі есе шығын.
— Абай ауданында көшені жарықтандыру жұмысы басталды ма?
— Иә, өткен аптада мердігер анықталып, ауданымызда 86 көшені жарықтандыру жұмыстары басталды. Қазір әр көшенің тұрғындарымен кездесіп, бұл жұмысты аудан әкімшілігі қадағалап отырғанын түсіндіріп жатырмыз. Сонымен бірге, ауданымызға облыстан қосылған 27 елдімекенде ирригация мәселесі де туындап отыр. Жауын-шашын және қар еру кезінде су жиналу қаупі жоғары. Ауданда осындай 8 орын анықталған. Тұрғындардың сұранысына сәйкес, лоток салуға көңіл бөлінді. Биыл 26 көшеде ирригациялық жүйе жүргізу жұмыстарын атқарамыз. Бұл жұмыстарды басқарма атқарғанымен, әрбір елдімекеннің ауыл биі, тұрғындары және Абай ауданы әкім аппаратының халықпен жұмыс істейтін бөліміндегі инспекторлар сол жұмыстардың басы-қасында жүреді.
— Биылғы аудан бюджеті қанша?
— Биылғы аудан бюджеті – 3,8 млрд. теңге. Осы орайда өзіміздің нақты функционалдық міндеттерге тоқтала кетейін. Біздің ауданда 20 балалар алаңшасы мен 3 спорт алаңшасы орнатылды. Сонымен қатар, 200-ге жуық орталық көшелерге қоқыс жәшігі қойылды. Тұрғындар тарапынан көшені таза ұстау үшін қоқыс жәшіктерін орнату туралы сын айтылды. Абай ауданында көпқабатты тұрғын үйлер аз болғанымен, жаңадан қалыптасып келе жатқан шағынаудандарда 48 тұрмыстық қалдықтарды тастайтын орын бар, олардың 17-сіне арнайы орынның құрылысы жүргізілді. Осындай шаралар арқылы тазалық көрсеткішін арттыруды жоспарлап отырмыз. Аудан бойынша 1700 кәсіпкерлік нысанға айыппұл салынды. Абай ауданында қарқынды жүріп жатқан жұмыстың бірі — шағал тас пен құм базарын көшіру. Осы мақсатта Бадам станциясы жақтағы Түркістан облысына қарай шығатын жолда арнайы базар жасақталып, құм мен шағал тасты шығару жұмысы жүріп жатыр. Бұл бағытта 500-ге жуық айыппұл салынды. Осы үшін түнгі рейдтер ұйымдастырылып, жүк көліктері тоқтатылып, кері қайтарылып, арнайы базар аумағына кіргізді. Бұл тазалыққа үлес қосып қана қоймай, асфальттің сақталуына да септігін тигізеді.
— Абай ауданында қанша гүлзар салынады?
— Жуырда қала әкімінің Абай ауданы халқымен кездесуі гүлзар салынатын Жиделі елдімекенінде өткізілді. Сол жерде тамаша гүлзар салынады деп жоспарлануда. Жергілікті тұрғындар қарт кісілердің отырып, демалатын орынн жоқ екенін айтып, сол жерге гүлзар салуды ұсынды. Бұл жоба халық қатысатын бюджет арқылы жүзеге асырылмақ.
— Биыл Абай ауданына қанша инвестиция тарту жоспарланған?
— Жоспар бойынша 40 млрд. теңге инвестиция тартуымыз керек. Қазіргі уақытқа дейін 8 млрд. теңгесі игерілді. Әрине, жеке меншік инвестициялардың үлесі басым. Абай ауданы аумағында қарқынды дамып келе жатқан Шымсити шағынауданы бар, бұл шағынаудан инвестиция көрсеткішінің өсуіне үлкен үлес қосып отыр.
— Абай ауданында көптеген мәселе бар екенін айтып отырсыз, ал мақтанып айтарлықтай жүзеге асып жатқан жоба бар ма?
— Әрине, біздің ауданда мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес «Қарызсыз қоғам» жобасы жүзеге асырылып жатыр. Бұл жобаның халыққа тигізер бір пайдасы — адамдар өз қаражатын дұрыс жоспарлап, тиімді пайдалануды үйренеді. Былтыр қолданысқа енген банкроттық туралы заңды көпшілік біле бермейді, ал осындай жаңалықтардан хабардар болып отырады. Бұл жоба аудан халқының жағдайын жақсартып, экономикасына оң әсерін тигізуде. Сонымен қатар, қазіргі уақытта жұмыссыздықты жою мәселесіне үлкен көңіл бөлініп отыр. Әр аудан әкімінің әлеуметтік мәселелерге қатысты жұмысына тұрғындар баға береді деген критерий енгізілді. Осы бағыт бойынша үлкен жұмыстар атқарылып жатыр. Жыл қорытындысында көрсеткіштерді халықпен бөлісеміз.
Сұхбаттасқан — Жанерке ХУМАР