Биыл Қаратау ауданында 9 гүлзар салынады

385
фото kz.otyrar.kz

Шымкент қаласындағы Қаратау ауданында биыл абаттандыру бойынша қандай жоспарлар бар? Қазір ауданда қандай құрылыс жүріп жатыр? Осы және тағы басқа сұрақтарға Шымкент қаласы, Қаратау ауданы әкімінің міндетін уақытша атқарушы Ерлан Бекназаров жауап берді.

Биылғы аудан бюджеті қанша болды?

Қаратау ауданының аумағы – 19 500 гектар. 213 мыңнан астам тұрғын, 18 елдімекеніміз бар. Ал енді биыл аудан бюджеті 3 миллиардтай теңгені құрап отыр. Оның 2 миллиард 652 миллион теңгесі Халық қатысатын бюджет бағдарламасында қаралды. Және де мерекелік шараларға 9 миллион теңге бөлінді. Қалғаны әкімдік қызметкерлерінің айлығына сынды басқа да қажет құралдарға арналды. 2024 жылдың соңына дейін аудандағы барлық көпқабатты үйдің ауласын абаттандыру тапсырылды. Бұл іс жыл біткенге дейін орындалады. 9 гүлзар салынады. Оның біреуі Шапырашты, енді бірі Өтеміс елдімекенінде салынады. Қалған жетеуі Тұран, Нұрсәт сынды қала ішіндегі көпқабатты үйлердің арасынан жер бөлініп, қазіргі 4 гүлзардың жұмысы басталып кетті. Жыл соңына дейін 9 гүлзар салынады. Сонымен бірге 21 балалар алаңшасы да салынбақ. Ол бағыттағы жұмыс та қарқынды жүріп жатыр.

21 балалар алаңшасының қаржысы бюджеттен бөлінді ме, арасында демеушілік жасағандары болды ма?

Барлығы Халық қатысатын бюджет негізінде жүзеге асырылады. Жоғарыда айтқан 2 миллиард 652 миллион теңгеден бұған да қаржы бөлінеді.

Айта кететін бір жағдай, аудандағы кейбір алаңдарды біріктіріп ойын және спорттық алаңша қоямыз. Дегенмен демеушілер тарапынан да ойын, спорттық алаңшалары салынып тұрады. Әсіресе қаланы абаттандыру бойынша кәсіпкерлердің демеушілігімен біраз жұмыс атқарылып жатыр.

Халық қатысатын бюджет бойынша дауыс беру қашан басталады?

Халық қатысатын бюджетке дауыс беру үшін әкімдіктің ресми парақшасына кірсе, халық қатысатын бюджет бетіне өтіп, сол жерде өтініш тасталған соң, тұрғындар дауыс беру керек болады. Кемі 50 дауыс жинау керек. Ал енді біз тұрғындар өтінішін күтіп қана отыра алмаймыз. Инфрақұрылым бөлімінің мамандарымен, елдімекендердің белсенділерімен бірге аралау жұмысын жүргізіп жатырмыз. Бос жерді тиімді пайдалану мақсатында сметалық құжатын дайындап жүрміз. Күздегі мәслихат сессиясында ұсынып, қаржы бөлдіруді жоспарлап отырмыз.

Тұран және Тұран-2 шағынаудандарынан қаланың орталығына қарай шығатын қандай жолдар салынып жатыр?

Қазір Тұран және Тұран-2 шағынаудандарынан қаланың орталығына шығатын Қайтпас елдімекенінің ішінен Үмбелі тас, Мирас шағын ауданынан Ақсүмбе көшесі және де Қайтпастың ішінде Ы.Алтынсарин деген көше бар. Сол 3 көшені абаттандырып, кеңейтіп жатыр. Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдар басқармасы тарапынан жүргізілген жұмыс нәтижесінде қазір Ақсүмбе көшесінің жұмысы бітті. Ал Алтынсарин және Үмбелі тас көшелерінде жұмыс жүргізіліп жатыр. Жұмыс біткен соң, жан-жақтан қалаға кіріп-шығатын жолдар іске қосылады. Күзге дейін жол жұмысы аяқталады.

Алдағы уақытта Қайтпас-1 елді мекенінің ішінен мемлекет мұқтажына алынатын үйлер, басқа да жылжымайтын нысандар туралы айтсаңыз?

Бұл жаңағы жоғарыда айтқан Ы.Алтынсарин көшесі. Бұл қаладан Қайтпас елдімекеніне кіретін көше. Бұл көше кеңейтіліп, абаттандырылып, Тұран елдімекеніне кіретін басты көшенің бірі болады. Қазір жолдың сол бетіндегі үйлерге бағалау жұмысы жүріп жатыр.

Қаратау ауданы биыл қанша инвестиция тартуды жоспарлап отыр?

Биыл 50 миллиард теңге инвестиция тарту жоспарда болса, қазір соның 18 миллард теңге жоспары орындалды. Оның ішінде ірі 8 нысан бар. Олар іске қосылса, 1,5 мың адам жұмыспен қамтылады. Іске қосылған кезде біз жоспарды толығымен тіпті артығымен орындаймыз деп жоспарлап отырмыз. Қала қарқынды дамып келе жатыр.

Қаратау ауданы аумағындағы көшелерді жөндеу бойынша қандай жұмыс атқарылып жатыр?

Аудандағы ішкі орам көшелері мен аяқ жолдар жұмысын аудан әкімшілігі жүргізеді. Ал енді сырты басты көшелерді жөндеу жұмысына жолаушылар көлігі және автомобиль жолдар басқармасы жауапты. Аудан аумағында 631 шақырым жол болса, оның 414 км-і асфальтталған. 197 шақырым жолға шағал тас төселген. Ал 20 шақырымы топырақ жол. 2025 жылдың соңына дейін 90% жолға асфальт төсеуге меже қойып отырмыз. Биыл 33,1 шақырым, яғни 45 көшеге асфальт төселеді. Қазіргі жағдайға қарағанда, аудан көлемінде 60% жол асфальтталған. Осы тұста жарықтандыруды да айта кетейін 2023 жылы 37 көше жарықтандырылған болса, биыл 2024 жылы 266 көшені жарықтандырамыз. Бұл бағыттағы жұмыс қарқынды жүріп басталды.

Қоқыс мәселесі қалай шешімін тауып жатыр?

Қаратау ауданындағы көпқабатты үйлердің ауласында 600-ге жуық контейнер орнатылған. Қоқысты шығаратын 6 мекеме бар. Ауданымыздағы қоқыс тастайтын 3 полигонды осы жылы жойдық. Ауданда 29 мың жеке үй бар. Олардың әрқайсысымен жеке келісім-шартқа отырдық. Апта сайын қоқысын алып кетуін қадағалап отырамыз. Қоқысқа қатысты мәселені барынша жоюға тырысып жатырмыз.

Сұхбаттасқан — Жанерке ХУМАР