Биылдан бастап әр балаға «оқушы портфолиосы» жасалады

47

Елімізде тамыз конференциясы басталды. Бүгін Шымкентте педагогикалық кеңестің пленарлық сессиясы өтті. Жиында жаңа оқу жылындағы өзгерістер туралы айтылды. 

Жаңа оқу жылынан бастап әр балаға «оқушы портфолиосы» жасалады. Бұл туралы мегаполистің бас ұстазы мәлімдеді. Жаңа оқу жылындағы өзгерістер дәстүрлі тамыз конференциясында айталды.

Нұргүл Шәмшиева, Шымкент қаласы білім басқармасының басшысы: «Әрбір балабақшаның түлектері қай мектепке баратын болса сол мектептің мұғалімдері келіп, жоғары топта жүрген балалармен жұмыс жасайды. Балабақша педагогі әр балаға жеке даму картасын жүргізеді. Оны мектеп мұғалімдері әрі қарай жалғастырып алып кетуі керек. Сонда баланың білім траекториясын көрсетіп отыратын портфолиосы жасалады. Бұл жылдың ерекшелігі — осы»

Елімізде ұстаздардың дәстүрлі тамыз конференциясы басталды. Бүгін Шымкентте педагогикалық кеңестің пленарлық сессиясы өтті. «Tulip Hall» мәдени орталығында өткен шараға білім саласының 2300 қызметкері қатысты. Жиында қала әкімі Ғабит Сыздықбеков сөз сөйлеп, білім саласындағы үздіктерді алғыс хатпен марапаттады.

Әкімнің қолынан алғыс хат алғандардың қатарында бала құқығы жөніндегі экс-омбудсмен Жаннета Жазықбаева да болды. Ол 2 жыл бойы балалардың құқығын қорғап, білім саласын дамытуға үлес қосқаны үшін марапатталып отыр. Экс-уәкілдің сөзінше баланы тек мектептегі мұғалімдер емес, үйдегі ата-ана да тәрбиелуі керек.

Жаннета Жазықбаева, «Әйелдер күштері Альянсының» Шымкент қаласы мен Түркістан облысы бойынша төрайымы:
«Бала құқығы жөніндегі уәкіл болып істеген кезде суицид жағдайларын да, сексуалды сипаттағы жағдайды да, кәмелетке толмаған балалардың үйінен қашып кетіп, темекі, синтетикалық наркотикке тәуелді болып, құқық бұзушылық, ұрлау фактілеріне қатысы болғанын көрдік. Бала — біздің құндылығымыз. Сондықтан ол баланы тәрбиелеу ата-ананың да міндеті. Шыны керек, кейбір кезде ата-аналар сол міндетті мектепке жүктеп қойды деп мұғалімдер қапа болып жатады. Мен баланы екі жақта да тәрбиелеу керек деймін»

Сонымен қатар, тамыз конференциясында 10 ұстазға «Ы.Алтынсарин» төсбелгісі табысталды. Олардың қатарында білім саласында 30 жылдан бері қызмет етіп жүрген Жұмагүл Қосымбекқызы да бар. Білікті ұстаз бүгінгі жиынның басты тақырыбы болып отырған цифрлық сауаттылық деңгейі ең алдымен мұғалімнің өзінде жоғары болуы керек дейді.

Жұмагүл Қосымбекқызы, «Ы.Алтынсарин» төсбелгісінің иесі: ««Ы.Алтынсарин» төсбелгісі — қаншама жыл еткен еңбегімнің нәтижесі деп ойлаймын. Бұл мен үшін үлкен бір бақыт. Ең бірінші мұғалімнің өзінің цифрлық сауаттылығы жоғары болу керек. Мысалы, мен 30 жылдан астам қызмет істесем де осы цифрлық сауаттылыққа қызығушылығым жоғары»

Жиында білім берудегі цифрлық инновациялар және жасанды интеллект технологияларын дамыту мәселелері талқыланды. Тамыз конференциясының негізгі республикалық іс-шарасы 21 тамызда Елордасы Астанада өтеді. Оған мегаполистен 38 делегация мүшесі қатыспақ.