Бүгін аймақтық кадрлық резервтерге үміткерлерді іріктеудің соңғы кезеңі өтті. Алғашқы кезеңдерден сүрінбей өткен 47 үміткер бүгін әңгімелесуге қатысты. Жас менеджерлер пулын қалыптастыруға бағытталған жобаның соңғы кезеңі қалай өтті?
Бүгін Өңірлік кадрлық резервке іріктеудің соңғы кезеңі өтті. Үміткерлерге өз жобасын таныстыруға 5 минут берілді. Досжан Әлібеков — кадр резервіне кандидаттардың бірі. Ол мегаполисті дамыту үшін инвестицияның қаншалықты маңызды екеніне тоқталды.
Досжан Әлібеков, үміткер: «Мен 5 минут ішінде Шымкентке инвестиция тартудың маңыздылығы туралы өз көзқарасымды қысқаша және анық жеткізуге тырыстым. Көптеген идеялар бар, дегенмен мен өнеркәсіп пен құрылысты дамытудың 2 бағытына тоқталдым. Бірінші кезекте инвестициялар тарту жөніндегі бағдарламаны әзірлеу. Ал, екіншісі — сыртқы және ішкі ресурстарды пайдалану»
Мемлекет басшысының тапсырмасымен қолға алынған бұл жоба жас менеджерлер пулын қалыптастыруға және дарынды жастарды тартуға бағытталған. Алғашқы кезеңдерден сүрінбей өткен үміткерлер бүгін әңгімелесуден өтті.
Сәкен Мәжінбеков, сарапшы: «Наурыз айынан басталған өңірлік мемлекеттік қызмет резервіне жас мамандарды тарту бойынша конкурстық жұмыстар жүріп жатыр. Соңғы кезеңге 47 үміткер өтті. Оның 30-ы резервке өтіп, өздерінің жобалары бойынша қаланың дамуына үлестерін қосады деген ойдамыз»
Бұл бастаманың негізгі мақсаты – өңірді әлеуметтік-экономикалық дамыту жолында білікті мамандарды даярлау. Өзекті мәселелерді шешу үшін тиімді кадрлық резерв құру.