Еліміздегі әуежайлар мен шекара бекеттерінде әлемде таралып жатқан маймыл шешегіне байланысты санитарлық-карантинді бақылау күшейтілетін болады. Бұл аталмыш қауіпті аурудың алдын алу үшін қолға алынып отырған шаралар. Мұндай тапсырманы ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектенов берді.
«Әзірге Қазақстанда бірде-бір маймыл шешегі ауруы тіркелген жоқ», — деп атап өтті премьер. Инфекцияның алғашқы ошағы тіркелген 2022 жылдың мамыр айынан бері әлемнің 116 елінде аурудың 99 мыңнан астам жағдайы тіркелді. Олардың 189-ы өліммен аяқталды.
Өткен аптада Швецияда вирустың штаммы табылып, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы маймыл шешек індетін жаһандық төтенше жағдай деп жариялады. Швед билігі науқастың қажетті ем-дом алғанын және бақылауда екенін растады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жаһандық ұтқырлық пен халықаралық саяхатты ескере отырып, вирустың Африкадан тыс жерлерде одан әрі таралу қаупі жоғары екенін атап өтті. 2022-2023 жылдары маймыл шешегінің жаһандық өршуі болды, бірақ қазіргі індет әлдеқайда қауіпті штаммнан туындады. Сол себептен де аталмыш аурудың алдын алу үшін күшейтілген шаралар қолға алынуда.
Жаңа індет Ковидтен де қауіпті болып отыр. Ол бір таралғанда 20 есе көп адам өмірін алып кетуі әбден мүмкін дейді мамандар.