Кейбір мектептер 3 ауысымды білім беруге өтуі мүмкін

27
Фото: Отырар.кз

Биыл 13 мектеп 1 ауысымды білім беру жүйесіне көшеді. Дегенмен қалада жоспардан тыс оқушы қабылдап жатқан мекемелер де бар. Мамандар жағдай осылай жалғасса 3 ауысымды оқыту қайта қалыптасуы мүмкін деген болжам айтып отыр. Сонымен қатар өңірде, жеткіншектер арасындағы өз-өзіне қол жұмсау мәселесі де көңіл көншітпейді.

Жыл басынан бері 10 өз-өзіне қол жұмсау жағдайы тіркелген. Сондықтан қаланың бас педагогы психологиялық жағдайды жақсарту үшін арнайы орталық құрылғанын айтады. Қазір жобаны жүзеге асыру бағытында жұмыс жүргізіліп жатыр.

«Қалада буллинг, суицид көбейді. Соған байланысты психологиялық орталық құру туралы әкім қаулыға қол қойды. Қазір штаттарын қалыптастыру бойынша жұмыс жүргізілуде», — дейді Шымкент қаласы білім басқармасының басшысы Нұргүл Шәмшиева.

Ал бірінші сыныпқа биыл 26 мыңнан аса баланы қабылдау жоспарланған. Дегенмен қазірге дейін оның тек 25 201 білім ұяларына құжаттарын тапсырған. Оның басым бөлігі мемлекеттік мектептерде оқиды. Атап айтқанда

Мемлекеттік мектепке – 17 640 бала  — 70%

Жекеменшік мектепке – 7 561 бала   — 30%

Биыл 13 мектеп 1 ауысымға өтеді деп көзделген. Дегенмен жыл сайын бала санының артуына байланысты жүктеме жоғары. Әсіресе көпқабатты тұрғын үй шоғырланған аймақтарда білім беру ұйымдары артық бала қабылдауға мәжбүр. Тіпті 3 ауысымға өту қаупі бар дейді басқарма басшысы.

«Ішкі миграция өсіп отырады. Жыл сайын мектепке баратын оқушылардың саны 7-8 пайызға артып келеді. Сондықтан 21 мектепте оқушылар толымдылығы жоғары. Бұл келешекте 3 ауысымды мектептің болып қалуын жиілетеді. Сонымен қатар Түркістан облысынан қосылған мектептері жоқ 13 елді мекен мәселесі 9 жайлы мектеп салынумен шешілетін болады», — дейді Шымкент қаласы білім басқармасының басшысы Нұргүл Шәмшиева.

Айта кетейік, өткен оқу жылының қорытындысымен білім сапасы 5 пайызға көтерілген. Сонымен қатар, оқушыларды оқу құралымен қамтамасыз ету мақсатында 193 977 дана кітапқа сұраныс жіберілген. Жоспар бойынша тапсырыс 25 тамызға дейін орындалуы керек.