Келер жылы Шымкенттегі 4 суару каналы күрделі жөндеуден өтеді

36

Шымкенттегі «Сасық-1» суару каналын қалпына келтіру жұмыстарының аяқталуына аз қалды. Осыған дейін диқандар су тапшылығының салдарынан егіс алқаптарын қысқартуға мәжбүр болған еді. Бір миллиардтан астам теңгеге бағаланған жоба шаруалардың осы мәселесін шешуге бағытталған. Енді жағдай қаншалықты өзгермек?

«Сасық-1» каналындағы құрылыс-монтаждау жұмыстары толық аяқталды. Бұл күнді Жаңаталап тұрғын алабының диқандары ұзақ күтті. Бұл жөндеу жұмыстары су тапшылығын шешуі қажет еді. Алайда, қиындықтар әлі де бітер емес. Мұндағы шаруалар жобада шикілік көп деп отыр.

Абай Ахметов, шаруа: «Шлюз дұрыс емес. Құбыр дұрыс емес. Бір адамға жететін құбыр қойған. Неге жетеді ол? 3 адамға керек. Екінші орымнан 250-ақ пресс алдым, 1000 пресс алудың орнына. Не болды ал сонда?».

Шаруалар құрылыс барысында тұтынатын су мөлшері мен аумақ көлемі есепке алынбаған деп отыр. Соның кесірінен егінді суаруға екі есе көп уақыт кетеді екен . Ал жауаптылар нысанның әлі толық аяқталмағанын, техникалық қадағалаудың жүргізілмегенін айтады.

Ерсұлтан Қапашев, Шымкент қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасы бөлімінің бас маманы: «Біз 2023 жылы Жаңаталап аумағынан ағып өтетін Сасық-1 каналына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген еді. Қазіргі таңда күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, толықтай 99% аяқталды. Бізде қазір технадзор 1-2 кемшілікті берген соң қабылдау жұмыстары жүргізіліп жатыр»

Шымкентте 8 мың гектардан астам суармалы жер бар. Оның 656 гектары осы «Сасық-1» каналының бойында орналасқан. Ауыл шаруашылығы барқармасының мәліметінше қазір 40-тан аса шаруашылық 250 гектар жерді суару бойынша келісімшартқа отырған.

Нұрсұлтан Хайдаров, ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасы АӨК дамыту бөлімінің бас маманы: «Су тапшылығы қалада бар. Бүкіл жерде су тапшылығы болып жатыр. Соған байланысты қазіргі күнде көп шаруа су үнемдеу технологиясын пайдалану үшін тамшылатып суару, жаңбырлатып суару технологиясына көшу бойынша жобаларын алып келіп жатыр»

«Сасық-1» каналын қалпына келтіру жұмыстарына 1 млрд. 179 млн. теңге жұмсалған. Енді диқандар олқылықтың орны толады деп үміттеніп отыр. Жалпы Шымкенттегі 34 арнаның 27-сін шаруалар егін суару үшін пайдаланады. Оның ішіндегі өткен ғасырда салынған каналдар әбден тозып, күрделі жөндеуді қажет етіп тұр. Осыған байланысты әкімдіктегілер келер жылы тағы 4 каналды күрделі жөндеуге қаражат бөлуді жоспарлап отыр.