Мәжіліс депутаты «Жайлы мектеп» құрылысымен танысты

38
Фото: Отырар.кз

Мәжіліс депутаты Азат Перуашев Шымкентке жұмыс сапары аясында жергілікті өнеркәсіп иелерімен кездесті. Онда аймақтағы кәсіпкерлік саласында қордаланған мәселелерді тыңдап, алдағы уақытта парламент мінберінде көтеретінін жеткізді.

Шымкентте 12 жайлы мектеп салынып жатыр. Оның біреуі жаңа оқу жылында ел игілігіне беріледі. Ал тағы 3 нысан қазан айында ашылады деген жоспар бар. Құрылысқа жауапты мамандар заманауи білім ошақтарын мерзімінен бұрын тапсырып жатырмыз деп сендірді.

«Келісімшарт бойынша 15 желтоқсанға дейін мерзімі бар. Құрылыс пен жобалаушы компанияның қатар жұмыс істеуінің арқасында қыркүйекте 1 мектепті пайдалануға беру мүмкіндігі туып отыр. Мектептерді 1 қыркүйекте, қазанда тапсырамыз. Жылпы жыл соңына дейін 11 мектепті бітіреміз», — дейді «Samruk-Kazyna Construction» АҚ Шымкент қаласы бойынша өңірлік басшысы Марат Қуанышбаев.

Қаламызда бой көтеріп жатқан «Жайлы мектеп» жұмысымен Мәжіліс депутаттары танысты. Сөзінше, білім ошағының құрылысы қарқын алған. Халық қалаулылары мұндай нысандарды тұрғындар тығыз орналасқан аймақтарға салу тиімді дейді. Сонымен қатар ата-ана мен балаларға тиімді режим жасап беру қажет.

«1 қыркүйекке үлгермей жатыр. Бірақ қазанның аяғына дейін үлгереміз деп уәдесін беріп отыр. Оған дейін бітіріп қалатын сияқты. Себебі мына жақта қабырғалар салынып жатса, мына жақта едені төселіп жатыр. Мұндай мектептер оңтүстік өңір үшін өте маңызды. Себебі балалар түстен кейін қалып, сабақ оқиды. Кейде түнге қалып қояды. Сондай сәттерде ата-ана мен балаларға тиімді режим жасап беруіміз керек», — дейді  ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Азат Перуашев.

Жұмыс сапары барысында мәжіліс депутаты «Бизнеске арналған үкімет — Shymkent INVEST» кеңсесіне бас сұқты. Онда мамандар орталықта атқарылып жатқан іс-шаралармен таныстырып, өздерін толғандырған мәселесін ортаға салды.

«Инвесторлар инфрақұрылымды жүргізу бойынша ұсыныстар айтып жүр. Олар инфрақұрылымды өздері салып, кейін ақшасын субсидия түрінде алуды қалайды. Өзгеріс жасайық деген ұсынысты біз де көтеріп жүрміз», — дейді Invest Shymkent ЖШС директорының орынбасары Рамиль Әмірханов.

Ал халық қалаулылары жергілікті кәсіпкерлердің мәселесін мәжіліс отырысында көтеретінін жеткізді.

«Түсінемін жергілікті билік өкілі болғандықтан сіздердің үндеріңіз жоғары жаққа жетпей жатады. Ертең барғанда ұсынысымды айтамын. Кәсіпкерлердің үнін жеткіземін. Егер қандай да бір мәселелеріңіз болса, біздің Шымкенттегі филиалымыздың депутаттарына жүгінсеңіздер болады. Олар бізге жеткізіп отырады», — дейді  ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Азат Перуашев.

Сапар аясында Азат Перуашев білім, кәсіпкерлік және өнеркәсіп салаларының өкілдерімен тікелей байланыс орнатып, олардың мәселесіне құлақ түрді. Ол алдағы уақытта жергілікті бизнес иелеріне қолдау көрсететінін атап өтті.