Мектептерге бөлінетін қаражаттың жұмсалуын бақылау үшін жасанды интеллект енгізілуде

35
фото СЖҚКАШҚБД

«Tulip Hall» мәдени орталығында «Digital Kazakhstan: жаңа замандағы білім беру» тақырыбында педагогтердің қалалық дәстүрлі тамыз конференциясында көптеген жаңашылдықтар айтылды.

Конференцияда мамандар бюджеттік өтінімдерді жоспарлау кезіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерімен байланысты проблемаларды, сондай-ақ білім беру саласында анықталған жымқырудың жүйелі схемаларын талқылады.

Тәуекелдердің туындауына ықпал ететін негізгі факторлардың бірі — бюджеттік өтінімдерді қалыптастыру процестерін автоматтандырудың, бұзушылықтардың алдын алу тетіктерінің және бухгалтерлік есептің ақпараттық жүйелері мен мемлекеттік дерекқорлардың интеграциялық байланыстарының болмауы.

Шымкент қаласы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің ұсынымы бойынша мектептерде мұғалімдердің еңбегіне ақы төлеу қорына және оқушылардың тамақтануына бөлінетін бюджеттік қаражаттың жұмсалуын бақылау үшін жасанды интеллект енгізілуде.

Толық автоматтандырылған жүйе білім беру мекемелерінде «өлі жандарды» тіркеуді болдырмайды.

Жүйе мектептің бухгалтерлік жүйесімен біріктірілген және сыртқы кедергілерден қорғалған биометриялық деректерді пайдалана отырып, қызметкерлердің кіруі мен шығуын тіркейді. Бизнес процестерді цифрландыру бойынша жұмыс қылмыстардың қайталануының алдын алуға тікелей әсер етеді.