Мемлекет қаржысын жымқырған экс-шенеунік 9 жылға сотталды

23

Мемлекет қаржысына қол салды деп айыпталған Шымкент қалалық тұрғын үй басқармасы басшысының бұрынғы міндетін атқарушыға қатысты сот үкімі шықты. Экс-шенеунікке тағылған айып дәлелденіп, 9 жыл бас бостандығынан айыру жазасы берілді. Белгілі болғандай сотталушы бюджеттен 367 млн. теңгеден астам қаржы жымқырған.

Шымкентте қала әкімі Ғабит Сыздықбековтің қатысуымен өтіп жатқан жиналыс үстінде тұтқындалған экс-шенеунік 9 жылға сотталды. Ол бюджеттен 367 млн. теңгеден астам қаражатты жымқырған болып шықты. Осы талан-таражға түскен қаржыдан «ауыз тиген» жеке кәсіпкерге 8 жыл бас бостандығынан айыру жазасы кесілді»

Сот процесінде айыпталушы тарап өзін түсіруге рұқсат бермеді. Аты шулы істі қараған судья қалалық тұрғын үй басқармасы басшысының бұрынғы міндетін атқарушыға тағылған айыптың дәлелденгенін айтты.

Айнель Орақбаева, Шымкент қ. қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының төрағасы: «Сот үкім етті. Момынов Азат Мұхтарұлы ҚК 189-бабы 4 бөлігі 2 тармағында, 218-бабы 3 бөлігінің 1-3 тармақтарында көзделген қылмыстық құқықбұзушылықтарды жасағаны үшін кінәлі деп танылсын. ҚК 189-бабы 4 бөлігі 2 тармағымен 9 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жасазы тағайындалсын»

Тергеу мәліметіне сүйенсек, сотталушы Шымкенттегі үйлердің сейсмикалық тұрақтылығын бақылауға бөлінген қаражатты ұрлаған. Нәтижесінде жер сілкінісіне төтеп бере алмайтын тұрғын үйлерде жөндеу жұмыстары тиісті деңгейде орындалмаған.

Айнель Орақбаева, Шымкент қ. қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының төрағасы: «Түркия мен Сирияда жер сілкінісі қатты болды, өздеріңізге мәлім. Сол сілкіністен кейін Шымкент қаласының әкімі ол кезде М.Әйтенов тапсырма берген. Жалпы ол Үкіметтен берілген тапсырма. 7 тұрғын үйге жөндеу жұмыстарын, 216 үйдің сейсмикалық тұрақтылығын анықтау бойынша. Бұған мемлекеттен қомақты қаржы бөлінеді, 400 млн. теңгеден астам. Бірақ, жұмыс іс жүзінде орындалмаған. Оның барлығы сараптама қорытындыларымен, мамандардың қорытындыларымен өз дәлелін тауып отыр»

Сот мәліметінше, мемлекеттен ұрланған қаржыны экс-шенеунік монша салуға жұмсаған. Ал бүгінгі үкіммен айыпталушы тарап келіспейді. Сотталушының адвокаты істің әкімдіктен басталуы осындай шешім шығаруға ықпал болды дейді.

Шымырбай Ағабеков, адвокат: «Енді өздеріңіз ойлаңыздар, қала әкімінің алдында, құқық қорғау органдарының алдында ұстап алып кеткеннен кейін соттың нәтижесі белгілі болады деп ойлаймын. Сот отырысы барысында 15-тен артық өтініш хат келтірілді. Анау дәлелдеме жарамсыз, мынау жарамсыз деп сот талқылауынан алып тасталды. Бірде-бір өтініш хат қанағаттандырылмады. Не себепті ол ашық қалдырылып отырылды? Кейіннен кеңес бөлмесінде неге басқаша шешім қабылдануы мүмкін? Тергеу барысында 367 млн. теңгенің қайда кеткенін дәлелдей алмадық. Сол үшін алды да монша құрылысына кетті деп жалаң көрсетіп отыр»

Екі сотталушы ҚР Қылмыстық кодекстің 189-бабы, яғни «Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу» дерегі бойынша кінәлі деп танылды. Ал экс шенеунік бұл баппен қатар, 218-бап, яғни «Қылмыстық жолмен алынған ақшаны немесе өзге мүлікті заңдастыру» бойынша да айыпты деп танылды. Айта кетейік, сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.