Несие алғың келсе, жұбайыңнан рұқсат ал: Жаңа ереже бекітілді

27
ФОТО : Banki.ru

Енді 3 млн. 700 мың теңгеден астам мөлшерде несие аламын десеңіз, жұбайыңыздан рұқсат сұрауыңыз керек. Жаңа ереже 1 қыркүйектен бастап қолданысқа енеді. Бұл өзгерісті халық қалай қабылдап жатыр?

Енді екінші жартыңыз рұқсат бермесе, несие ала алмайсыз. Елімізде банктік қарыз немесе микрокредит алу туралы жаңа ереже қабылданды. Түзетулер 1 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізіледі.

«Қаулымен жұбайының келісімі қажет болатын банктік қарыздың немесе микрокредиттің ең төменгі мөлшері 1000 АЕК, яғни 3 692 000 теңге деп бекітілді. Банктік қарыз немесе микрокредит шартына қол қоймас бұрын банк немесе МҚҰ клиенттің тіркелген некесінің болуы туралы ақпаратты Әділет министрлігінің ақпараттық жүйесі арқылы тексереді. Ақпарат расталған жағдайда және егер кредит сомасы белгіленген шектен асып кетсе, кредитор жұбайының банктік қарыз немесе микрокредит беруге келісімін алуға міндетті. Келісім еркін жазбаша нысанда банктің бөлімшелерінде немесе МҚҰ филиалында қағаз тасымалдағышта не электрондық нысанда ресімделеді» ,- делінген Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің жазбасында.

Жаңа ережеге халық пікірі қандай? Шымкенттіктер несие алу үшін жан-жарынан рұқсат сұрауға дайын ба?

-Дұрыс қой. Ол кісімен ақылдасу керек. Бір отбасы болғаннан кейін міндетті түрде ақылдасу керек. 

-Дұрыс емес. Әркім өзі біледі ғой, несие ала ма, алмай ма? Не жұмысы бар біреуде?!

  • Сұрамаймын. Бірақ, ескертемін. 

-Негізі сұрау керек, немесе сұрамау керек. Елу де елу ғой. 

-Жалпы дұрыс. Болмашыға да несие ала бермейтін болады. 

Бұл шара халықтың шамадан тыс кредит алуын төмендетуге және отбасының жалпы бюджетіне несиенің кері әсері болмас үшін қабылданып отыр.