Ордабасы ауданында қолайлы инвестициялық климат құру және экономикадағы өнеркәсіп саласын одан әрі дамытуға толық мүмкіндік бар. Енді мұнай-химиялық кластерді дамыту, арнайы индустриалды аймақтарды ұлғайту үшін өңдеуші өнеркәсіпке шетел компанияларын тартуға басымдық беріледі. Ауданда жаңа өндірістік кәсіпорындарды ашу үшін 52 гектарды құрайтын инфрақұрылыммен қамтылған Бадам индустриалды аймағы құрылған.
Жыл басынан бері Ордабасы ауданының жалпы өнім көлемі 64,3 млрд. теңгені құрады. Өңірлік өнімнің құрылымы ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, құрылыс салаларына тиесілі. Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы көлемін 2030 жылға 2 есеге арттыру жоспарланып отыр. Жалпы 2024-2030 жылдары инвестиция құны 214,6 млрд теңгені құрайтын өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік, туризм салалары бойынша 79 ірі жоба іске асырылады деп күтілуде. Ал одан түсетін салық болжаммен 5 млрд 733 млн теңгені құрамақ. Нәтижесінде 4 226 жұмыс орны ашылады.
Дархан Сатыбалды, Түркістан облысының әкімі: «Мемлекет басшысының алдымызға қойған міндеті – өмір сүру сапасын жақсарту. Әкімдердің жұмысы халықтың әл-ауқатына байланысты бағаланады. Осы бағытта жан-жақты мүмкіндіктерді пайдаланып, жұмысты жандандыру керек. Өндіріс орындарын көбейту үшін, қайта өңдеуді дамыту үшін. Ауданда жаңа зауыт, фабрикаларды көптеп ашып, тұралап қалған кәсіпорындарды қайта аяғынан тұрғызуға күш салу керек. Өнім көлемін арттырып, жергілікті өнімді экспортқа шығаруды жолға қою керек. Жылыжайлардың аумағын арттыру қажет. Сауықтыру туризмін дамыту маңызды. Әзірге жұмыс әлсіз. Бұл бағытта зерттеу жұмыстарын жүргізу қажет. Жүйелі жұмыс, бағыт керек. Іздену керек».
Өңірдегі өнеркәсіп өнім көлемі 7 айдың қорытындысымен 8,2 пайызға артып, 21,4 млрд теңгені құрады. Жыл соңына дейін 37,5 млрд теңгеге жетіп, өсім 11,6% артады деп күтілуде. 2024-2030 жылдар аралығында құны 168,8 млрд теңгені құрайтын 24 жоба жүзеге асырылып, 2 749 жұмыс орны ашылады деп жоспарлануда.
Азат Оралбаев, Ордабасы ауданының әкімі: «Ауыл шаруашылығы саласында өсімдік шаруашылығын дамыту, мал, құс, балық шаруашылығын дамыту бойынша 4 бағытта дамыту жоспарланған. 2024 жылдың 7 айында 23,6 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, жыл қорытындысымен 83,2 млрд теңгенің өнімін өндіру жоспарланған. Келер жылға өнім көлемі 94,6 млрд теңгеге жеткізу жоспарланды. Ауданда 71 мың 600 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылып, 413 мың тонна өнім жинау межеленген».
Ордабасы ауданында жаңа өндірістік кәсіпорындарды ашу үшін 52 гектар аумақта Бадам индустриалды аймағы құрылған. Аймақта 15,9 млрд теңгені құрайтын 5 инвестициялық жоба іске асырылған. Гипсокартон бұйымдарын өндіру, арматура шығару, қорғасын өндіру, тоқыма фабрикасын құру секілді 6 жобаның құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр.