Отырар ауданына 10 млрд. теңге инвестиция тартылды

36
фото ТО ӨКҚ

Отырар ауданының өнім көлемі 2030 жылға дейін 2 есеге өседі. Ал биыл тартылған инвестицияны 37 млрд теңгеге жеткізу жоспарда бар. Қазіргі таңда көзделген меже төмен.

Отырар ауданында жыл басынан бері 10 млрд. теңге инвестиция тартылған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда аз дейді аймақ әкімі. Ал жыл соңына дейін бұл межені 37 млрд.-қа жеткізу жоспарда бар. Жауаптылар болса, көрсеткішті орындауға мүмкіндік бар дейді.

«Бұл бойынша көрсеткішке жетуге мүмкіндік бар. Жыл соңына дейін бар күшімізді саламыз. Сонымен қатар 2024 жылға өнеркәсіп өнімі көлемінің жылдық жоспары 22,4 млрд. теңгеге меже белгіленген. Ағымдағы жылдың 7 айында өнеркәсіп өнімінің көлемі 15 млрд. теңгені құрап отыр. Жыл соңына дейін бекітілген жоспар толық орындалатын болады», — дейді Отырар ауданының әкімі Қайрат Жолдыбай.

Ал биыл жоспар бойынша ауыл шаруашылығы саласындағы түсім 45 млрд. теңгеге жетеді. 7 айдың ішіндегі қаражат 10 млрд.-қа жуықтады. Жауаптылар мал саны жыл басында қате есептелуіне байланысты статистика төмендеді дейді. Облыс басшысы егін шаруашылығын жүзеге асыру бойынша ауданның әлеуеті жоғары деп санайды.

«Әр ауданның өз бағыты, бренді қалыптасу керек. Сол бағыт бойынша дамығаны дұрыс. Әкімдердің жұмысы халықтың әл-ауқатына байланысты бағаланады. Мемлекет басшысының алдымызға қойған міндеті – өмір сүру сапасын жақсарту. Осы бағытта жан-жақты мүмкіндіктерді пайдаланып, жұмысты жандандыру керек. Индикаторлар орындалуы тиіс. Отырар ауданының потенциалы жоғары. Ауыл шаруашылығын дамыту, егістікті тиімді игеру, су үнемдейтін жаңа технологияларды пайдалану керек. Туризмді, сауықтыру туризмін дамыту керек. Ауданда мал бордақылау алаңы аз. Австралиялық әдісті пайдаланып, мал шаруашылығының өркениетті саудасына көшу керек. Бесінші континенттің ірі және қазіргі заманғы мал биржаларының өзі алақандай жерде 20 мыңға дейін мал басын ұстайды. Тек берілген тапсырманы ғана орындап отыра берсеңіздер, дамымаймыз», — дейді Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды.

Отырарда биыл 35 мың гектарға жуық алқапқа егіс егілді. Ол жерден 350 мың тонна өнім алу көзделіп отыр. Қазір 500 гектардан күздік бидай орылып алынды. Ал өңірлік өнім 2023 жылы 80,1 млрд. теңге болса, 2030 жылы 159,5 млрд. теңгеге, яғни 2 есеге артпақ. Оған дейін 145 инвестициялық жоба құрылып, 3 000 жұмыс орыны ашылады.