Шымкентте мүмкіндігі шектеулі азаматтар құқығын қорғау жұмысы жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Бұл туралы қалалық прокруратура өкілдері айтты. Жаңа салынып жатқан түрлі ғимараттар мен тұрғын үй кешендерінде пандус салынбаса, баспалдағы мүмкіндігі шектеулі жандарға ыңғайлы болмаса, ол ғимарат қабылданбайды.
Мүмкіндігі шектеулі азаматтардың құқығын қорғау үшін жергілікті қадағалау органдары, әкімдік басқармалары жоспарлы жұмыс жүргізіп келеді. Қала тұрғыны Қанат Әділов прокуратураға жиі келеді. Кез келген уақытта жауапты мамандардан қажет кеңес ала алатынына қуанышты.
Қанат Әділов, Шымкент қаласының тұрғыны: «Памперс, қажетті арба барлығын беріп жатыр рахмет. Бұрынғыға қараған көп нәрсе өзгерген. Барлығы қолжетімді. Бұдан да жақсы болса, жұмысқа орналасу, оқу, баспанамен қамтылу…»
Ерекше жандардың қоғамдық орындарда, көліктерде, ғимараттарда жүріп тұруына жағдай жасау бағытында тиісті заңнамалар қабылданған. Олар көбіне пандус мәселесіне қатысты жиі шағымданады екен.
Сабыржан Арапбай, Шымкент қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы басшысының орынбасары: «Алгоритм бар. Ол бойынша бірде-бір ғимарат егерде пандусы болмаса, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған қажетті әжетхана, отырып тұратын орындары болмаса, қабылданбайды. ГАСК қол қоймайды. Біздің де басқарманың рұқсатынсыз тапсыруға берілмейді».
Мүмкіндігі шектеулі азаматтардың құқығын қорғау – қалалық прокуратураның қадағалауында. Аталған санаттағы азаматтар көкейіндегі жүрген мәселесі бойынша прокуратура шағымдана алады. Бұдан бөлек, қадағалау органы жоспарлы тексеру де жүргізеді.
Қанат Дәрібай, Шымкент қаласы прокуратурасының 3-басқармасының аға прокуроры: !Мүмкіндігі шектеулі азаматтардың құқығын қорғау бойынша тексеріс нәтижесінде, 886 мүгедектің конституциялық құқығы қорғалды, 44 лауазым иелері тәртіптік жазаға тартылды, әкімшілік жауапкершілікке 25 тұлға тартылып, ӘКБ туралы К 83,89,98 баптары бойынша 1 901 380 теңге сомасына әкімшілік айыппұл салынды».
Жалпы орта мектептерде мүмкіндігі шектеулі жандарға жасалған жағдай барысы да тексерілген еді. Тексеріс нәтижесінде 24 тұлғаға әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 83-бабы бойынша 3 жарым миллионнан астам сома көлемінде әкімшілік айыппұл салынған.