Қасым, Жомарт, Кемел: 33 жастағы келіншек үшем дүниеге әкелді

34

Түркістан облысында кезекті үшем дүниеге келді. Қасым, Жомарт, Кемел деген есімдер берілген сәбилерді бүгін дәрігерлер перзентханадан сән-салтанатпен шығарып салды. Ал 33 жасында үшемді дүниеге әкелген Гүлнәз Мыңжасар 10 баланың анасы атанды.

Келес ауданының тұрғыны Гүлнәз Мыңжасар үшем босанып, алтын құрсақты ана атанды. 33 жастағы келіншек бұған дейін 7 сәбиді өмірге әкелген. Жас ана сәбилеріне Қасым, Жомарт, Кемел деген есім берген. Айтуынша, мұндай есімдерді таңдамас бұрын келіншектің түсіне атасы кіріп, аян беріпті.

Гүлнәз Мыңжасар, үшемнің анасы: «Түсімде атам кіріп, қамшы берді маған. Қамшының астында үш жазу тұрды. Ол жерде Қасым, Жомарт, Кемел деген есім жазулы болған. Үйдегілерге айтқан едім, бірден сәбилерге осы есімді беруге келісімін берді»

Үшемнің екеуі — ұл, үшіншісі — қыз. Сәбилерді анасы 5-тамыз күні жүктіліктің 30 апта мерзімінде дүниеге әкелген. Алғашқы күндері олардың жағдайы ауыр болған, үш күн арнайы аппаратта жатқан. Дәрігерлер екі апта бойы балалардың денсаулығын бақылауда ұстаған. Алғашында олардың салмағы 1925-1975 грамм шамасында болған. Бүгінде нәрестелер салмақ қосып, денсаулықтары жақсарған дейді мамандар.

Салтанат Жабағиева, Түркістан облыстық №1 перинаталдық орталықтың бас дәрігері: «Үшемге ерекше күтім жасадық. Орталығымызда оларға барынша жағдай жасалды».

Қасым, Жомарт, Кемел және анасын дәрігерлер бүгін сән-салтанатпен перзентханадан үйіне шығарып салды. Келестік үшемді үйінде жеті әпкесі күтіп отыр. Айта кетейік, жыл басынан бері Түркістан облысында 8 үшем дүниеге келген. Ал жалпы жарық дүние есігін ашқан сәби саны – 29 мыңнан астам.